Елордада «Жаяуға жол бер!» акциясы өтеді

АСТАНА. 20 мамыр. ҚазАқпарат - Астана қалалық ІІД Жол полициясы қызметкерлері мен қалалық жол қозғалысының жас инспекторлары 22 мамырда «Жаяуға жол бер!» акциясын өткізеді. Бұл туралы Астана қалалық ІІД ЖПБ баспасөз қызметі хабарлады.

Елордада «Жаяуға жол бер!» акциясы өтеді

«Акцияның мақсаты - жаяу жүргіншілердің кінәсінен болатын жол-көлік оқиғаларын азайтып, жолдан өту мәдениетін көтеру, жол қозғалысына қатысушы ретінде жаяу жүргіншілерге көлік жүргізушілерінің назарын аудару», - делінген хабарламада.

Астана қаласының ресми сайтының хабарлауынша, акция кезінде жол полициясы қызметкерлері мен олардың жас көмекшілері Жол қозғалысы ережесін мүлтіксіз сақтау, жаяу жүргіншілерге деген құрметті арттыру, сондай-ақ, балаларды машинамен алып жүруде міндетті түрде арнайы ұстау қондырғыларын орнату жөнінде жүргізушілермен алдын ала әңгімелер өткізіледі.

Барлық жол қозғалысына қатысушыларға ақпараттық парақшалар мен жол бойындағы қауіпсіздік туралы жадынамалар таратылады. Акция аясында жол полициясы қызметкерлері елорданың ең қауіпті көше қиылыстарында алдын алу жұмыстарын ұйымдастырады.