Елордада жедел жәрдем көлігі жол ортасында аударылып қалды
АСТАНА. KAZINFORM – Астана көшесінде жеңіл автокөлік пен жедел жәрдем көлігі соқтығысып, апат салдарынан екі адам зардап шекті. Бұл туралы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.

- Тұран және Ұлы дала даңғылының қиылысында «Hyundai» маркалы жеңіл автокөлік пен жедел жәрдем көлігі соғысты. Қақтығыс салдарынан жедел жәрдем көлігі аударылып қалды,- делінген хабарламада.
Ресми ақпаратта айтылғандай, жол апатынан екі адам зардап шекті, алайда олар дәрігерлер тексерген соң үйлеріне жіберілді.
- Аталған факті бойынша тексеру амалдары басталды, жол апатының мән-жайы анықталып жатыр, - дейді ведомстводан.
Айта кетсек, Астана мен Алматыда жедел жәрдем қызметкерлері видеожетон пайдалана бастады.
Сондай-ақ елорда тұрғындары жедел жәрдемнің қозғалысын нақты уақыт режимінде бақылай алады.