Елордада «Жеңіс мұрагерлері» акциясы өтеді
Мамырдың 7-сінде «Жеңіс мұрагерлері» акциясының ашылу салтанаты болады. Шараны ағартушылық бағдарламасының аясында «KAZENERGY» қауымдастығы мен «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы ұйымдастырмақшы, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Шараға байланысты жоғары сынып оқушылары, жоғарғы оқу орындары мен колледждердің студенттері, жас мамандар арасында үш аталым бойынша конкурс жарияланған болатын. Бұған дейін үміткерлердің жұмыстары қабылданып, олар аталымдар бойынша сараланған болатын. Енді сайыстың қорытындысы бойынша үздік деп танылған материалдар «KAZENERGY» журналының арнайы нөмірінде басылып, «KAZENERGY» қауымдастығының ресми сайтында және қауымдастықтың мүшелері мен серіктестерінің сайттарында жарияланады.
Естеріңізге сала кетейік, конкурс аталымдары: «Ұлдарым мен немерелерімнің есте сақтауы үшін» (үздік әңгіме), «Уақыттың әмірі жүрмейтін естелік» (фотосайыс), «Отан үшін! Жеңіс үшін!» (Соғыс жылдарының фотосуреттері. 1941-1945ж.ж.), «Естелікке» (Бет-әлпеттердің фотосуреттері) «Бұл - Жеңіс күні»(Барлығы жеңіс жайлы), «Мұрагерлер» (Соғыс ардагерлерінің балалары және немерелерімен түскен фотосуреттері), «Сырласу» (Соғыс ардагерлері жастармен сөйлесіп жатқан мезеттер), «Ол туралы ұмытуға хақым жоқ!» (Кадеттердің үздік әңгімесі).
«Жеңіс мұрагерлері» акциясының ашылу салтанаты мамырдың 7-і күні «Астана-Бәйтерек» монументінің қасында өтеді деп жоспарлануда. Сонымен бірге, шара аясында мамырдың 7-9-ы аралығында, үш күн қатарынан «Астана-Бәйтерек» монументі мен «Конгресс-Холл» ғимаратының алдында «Естелік қабырғасы» орнатылады. Онда кез-келген адам арнайы стикермен ардагерлерге жылы лебізін білдіріп, құттықтау сөздерін жаза алады.
«Жеңіс мұрагерлері» акциясының басты мақсаты - Ұлы Жеңісті, майдан мен тылдағы ата-апаларымыздың батырлығын, сол бір ауыр күндердегі азаматтар мен оқиғаларды жастардың есіне салу.