Елордада жол апаты екі есеге ұлғайған
АСТАНА. KAZINFORM – Елорда прокуратурасы биыл 9 айда жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі бойынша құқық қорғау және мемлекеттік органдар басшыларының қатысуымен үйлестіру кеңесін өткізді.

«Кеңес отырысында жол апаттарының саны екі есе өскені аталды. Жол апаты салдарынан 1 383 адам жарақат алып, 28 адам қайтыс болған. Оның ішінде 3-і кәмелет жасына толмаған бала бар. Сонымен қатар жиын барысында бағдаршамдардың, жол белгілерінің, жарықтың болмауы тағы сол сияқты бірқатар кемшілік анықталды», - делінген хабарламада.
Ақпаратта айтылғандай, жол апатының жиілеу себептері – жаяу жүргіншілердің жолдан өту ережелерін сақтамауы, бағдаршамның тыйым салу сигналының талаптарын орындамауы, арақашықтықты сақтамау және жолдың қарсы бағытына шығу.
«Кеңес қорытындысы бойынша уәкілетті органдарға нақты ұсыныстар берілді, сондай-ақ жол қозғалысы қауіпсіздігінің алдын алу жөніндегі шаралар кешені әзірленді», - дейді қалалық прокуратурадан.
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің мәліметіне сүйенсек, биыл 9 айдың ішінде елімізде 19 мыңнан астам (19302) жол-көлік оқиғасы тіркелген, оның салдарынан 26 703 адам зардап шеккен.