Елордада жолаушыға тиісіп, балағаттаған жүк тиеуші жауапқа тартылды

Астана станциясындағы желілік полиция басқармасына Павлодар-Нұр-Сұлтан бағытындағы электр пойызының 42 жастағы жолаушысы жүк тиеуші қызметін ұсынып, мазасын алған, тіпті балағаттаған ер адамға қатысты шара қолдану жөнінде шағымданған.
ІІМ Көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Мадияр Айтуғановтың мәлім еткеніндей, тексеру барысында теміржол вокзалында келіп-кетуші жолаушыларға тиіскен елорданың 43 жастағы тұрғынын анықтады.
Аталған азамат онымен тынбай, полиция бөліміне жеткізу кезінде билік өкілдерінің заңды талаптарына бағынбаған.
«Құқық бұзушыға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық кодексі 449-бабы 1-бөлігі (қоғамдық орындарда тиісу), 434-бабы 1-бөлігі (ұсақ бұзақылық) және 667-бабы 1-бөлігіне (құқық қорғау органы қызметкерінің заңды өкіміне немесе талабына бағынбау) сәйкес үш әкімшілік хаттама толтырылды. Ұсақ бұзақылық пен бағынбаушылық бойынша материалдар шешім қабылдау үшін Нұр-Сұлтан қаласы әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жіберілді», - деді полиция полковнигі М.Айтуғанов.