Елордада Жошы хан жайлы деректі фильмнің жабық көрсетілімі өтті

АСТАНА. KAZINFORM – Елордада «Жошы хан. Ұлы ұлыстың билеушісі» атты тарихи деректі фильмнің тұсаукесері өтті.

Жошы хан
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

- Әрине, фильм қалың жұртқа шығар алдында қобалжып тұрмын. Бұл ешқандай да комедия, триллер сол секілді коммерциялық фильм емес, бұл біздің төр тарихымыз. Фильм өскелең ұрпаққа арналған, прокатқа әдейі қолжетімді бағамен оқушылардың көктемгі демаласына сәйкес келтіріп шығарып жатырмыз. Ересектер де, балалар да біздің тарихты тереңірек білсе дейміз. Өткен жылы Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қазақстан Алтын Орданың ұстанымын жалғастырады деген еді. Осы мәселемен бұрыннан айналысып жүрген мен үшін бұл маңызды. Қазақ хандығы бос орында құрылған жоқ, оның арғы жағында Алтын Орданың тарихы жатыр, - деді фильм авторы Майя Бекбаева туындының жабық көрсетілімі алдында.

Жошы хан
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Айта кетсек, фильм музыкасының авторы да Майя Бекбаеваның өзі. Сондай-ақ автор фильмнің не үшін орыс тілінде түсірілгенін түсіндірді.

- Бұл фильм әлеуметтік желілер мен басқа да платформаларға тарайды, ал мен посткеңестік халықты ортақ, біріктіретін орыс тілінде түсірдім, бәріне түсінікті болуы үшін, яғни біздің мемлекеттілігімізге қатысты ешкімде ешқандай сұрақ туындамауы үшін. Фильмнің сценариін жолдасым екеуміз бірге жаздық, өзіміз продюсер болдық. Фильмге келсек, жалпы Жошы ханның тарихында бәрі бар, құпиялылық, көреалмаушылық, сатқындық - дейді ол.

Жошы хан
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Деректі фильмнің түсірілімі елорда мен оның маңында өтті және кинотуынды еліміздің барлық кинотеатрында көрсетіледі.

Жошы хан
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

- Бүгін тарихи күн, Президент Телерадиокешені баршаға тарихи жобаны арнайы ұсынып отыр. Әсіресе каникул кезінде оқушыларға жақсы бір сый деп ойлаймыз. Жошы хан тарихи тұлға, оның біздің тарихта алатын орны бөлек. 1950 жылдары Алтын Орданың, Жошы ханның тарихы ашық айтылмады, ашылмаған қыры көп болды, енді мемлекет сол олқылықтың орнын толтырып жатыр. Сондықтан Майя Бекбаева мен оның командасына ерен еңбегі үшін алғыс айтамыз, - деді Президент Телерадиокешені директорының орынбасары Асқар Джалдинов фильм таныстырылымының ашылу салтанатында.

Жошы хан
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Жаңа туындының тұсаукесеріне елімізге танымал тұлғалар, тарихшылар мен қоғам қайраткерлері қатысты. Соның бірі тарихшы Жақсылық Сәбитов фильмнен алған әсерімен бөлісті.

- Жошы ханды жеке тұлға ретінде танып білгісі келетін, қызыққан жанға көруге кеңес беремін. Тек тарихшылар ғана ажыратып, түсінетін сәттер болды, ал тарихқа қызығатын жанға тың дүние. Мен бірер қызық сәттер байқадым, соның бірі Махмұд Қашқаридің картасын қолданған, ол өте ерекше карта, - деп қысқа қайырды тарихшы.

Жошы хан
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Сонымен қатар көрсетілім барысында жиналған қауымға белгілі отандық журналист Майя Бекбаеваның «Жошы хан. Ұлы ұлыстың билеушісі» атты кітабы да таныстырылды.

- Жошы ханның тарихын зерттеу, бүгінгі қазақ мемлекетінің аяғынан тік тұрып, ұлы мемлекетке айналуына негіз болатын тарихи мысал. Оның себебі 1944 жылы Кеңес өкіметі түркі тарихын зерттеуге тыйым салған қаулы қабылдаған, яғни қазақ халқында Кеңес дәуірінен басқа тарих болмасынға келтірді. Соның салдарын әлі көріп келеміз, өйткені тәуелсіз қазақ халқының өткен тарихы әлі толық, терең зерттелген жоқ. Сондықтан дер кезінде, тіпті кеш десек те болады, қолға алынған бастама, - деген әсері жөнінде айтты «Алаш» ғылыми зерттеу институтының директоры Сұлтанхан Аққұлұлы.

Жошы хан
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Бұған дейін 20 наурыздан бастап Жошы хан туралы фильм кинотеатрларда көрсетілетіні туралы хабарлаған болатынбыз.

Еске сала кетсек, наурыздың басында Жошы хан туралы халықаралық тарихи сериалдың түсірілімі басталды.

 

Соңғы жаңалықтар