Елордадағы қоғамдық тамақтану орындарының иелеріне өрт қауіпсіздігі ережесі түсіндірілді

АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы 27 желтоқсаннан бастап аудандық әкімдіктермен және елордалық Төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп, қоғамдық тамақтану орындарында өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша көшпелі түсіндіру іс-шараларын бастады, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Елордадағы қоғамдық тамақтану орындарының иелеріне өрт қауіпсіздігі ережесі түсіндірілді
Фото: Астана әкімдігі

Мұндай нысандарда өрттің жиі шығуына электр сымдарының қысқа тұйықталуы себеп болады. Бұл ғимарат қасбеттерінің жануына әкеліп, адамдардың өмірі мен мүлкіне қауіп төндіреді.

Мамандар мекеме басшылары мен қызметкерлеріне өрт қауіпсіздігі талаптарын, электр желілері мен жабдықтарды пайдалану тәртібін, сондай-ақ жарамды өрт сөндіру құралдарының міндетті түрде болуы қажеттігін қаперге салады. 

Мереке күндері қарсаңында пиротехникалық бұйымдарды қауіпсіз пайдалану бойынша қосымша түсіндіру жұмысы жүргізіліп жатыр. Осы ретте азаматтарға пиротехниканы ғимараттардың маңында қолдануға болмайтыны және белгіленген қауіпсіздік талаптарын сақтау қажеттігі түсіндірілді. 

Бұл іс-шаралар өрттің алдын алуға, сондай-ақ елорда тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Бұған дейін Премьер-министрдің мерекеде ТЖМ күштерін өрт қауіпсіздігіне баса назар аударуға шақырғанын жазғанбыз. 

Соңғы жаңалықтар