Елордадағы Тұран даңғылының учаскесі жөндеу жұмысына байланысты жабылады
АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласында Тұран даңғылының Керей Жәнібек хандар көшесінен Сығанақ көшесіне дейінгі аралығында жол төсемінің үстіңгі қабатын салу бойынша жұмысты жалғастырады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

9-12 шілде аралығында осы учаскедегі қозғалыс ішінара кезең-кезеңмен жабылатын болады. Бұл ретте көлік қозғалысы бірінші әуежайдан қалаға қарай, кейін қаладан әуежайға қарай бір бағытта ғана ұйымдастырылады.
Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер қозғалыс бағытын алдын ала жоспарлап, қозғалысты ұйымдастыруда мүмкін болатын өзгерістерді ескеруі қажет.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қолайсыздықтарды азайту мақсатында уақытша жол белгілері мен бағыттаушы көрсеткіштер орнатылады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Алматының бірнеше ауданында көше жабылатынын хабарлаған едік.