Елордадағы автобус апаты кезінде көмегін аямаған жүргізуші марапатталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов бірінші автопарктің жүргізушісі Бақдәулет Әлібекке жол-көлік апатынан зардап шеккендерді құтқарғаны үшін алғысын білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Астана LRT» қоғаммен байланыс қызметіне сілтеме жасап.
None
None

«Сол қайғылы күні еліміздің әрбір азаматы біреудің қайғысына ортақтаса алатынын, оған бей-жай қарамайтынын көрсетті. Өз өміріне қауіп төнгеніне қарамастан, олар адамдарды автобустан алып шығуға көмектесті. Олардың бірі - №303 бағдардың жүргізушісі Бақдәулет Әлібек. Ол оқиға орнына жақын жерде болған», - деп атап өтті Б. Сұлтанов.

Еске сала кетейік, 26 наурызда Ұлы Дала көшесінде үш автобус пен бірнеше жеңіл автокөліктің қатысуымен үлкен жол апаты орын алған болатын. Сол күні автобус жүргізушісі Бақдәулет Әлібек 30-дан астам жолаушыға көмек көрсетті. Апат болған мезетте Бақдәулет желіде болды және өзінің бағдары бойынша жүріп келе жатқан кезде апат болғанын көрді. Көмекке мұқтаж адамдарды көрген Бақдәулет саспады, автобусты тоқтатып, жолаушылардан көмек көрсетуін өтінді. Үш адамның көмегімен ол есігі ашылмай қалған автобустан адамдарды шығарды.

Бақдәулет төтенше жағдайда дұрыс шешім қабылдап, ұйымдастырушылық қабілеті мен батылдығын көрсеткені үшін әкімнің қолынан алғыс хат алды.

Соңғы жаңалықтар