Елордадағы бір кездегі ең зәулім қонақ үй неге полицейлерге берілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Ramada Plaza» қонақ үйі Астана Полиция департаменті үшін «май шелпек» емес пе?» Бұл сұраққа Хабар арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Бағдарлама барысында жүргізуші Астана Полиция департаментінің қызметкерлері бұрынғы «Ramada Plaza» қонақ үйіне көшуіне байланысты сұрақ қойды.

«Бұл қонақ үйдің бір кездері Қазақстанның жаңа астанасының ең зәулім қонақ үйі болғанын білеміз. Әлеуметтік желіде осы мәселеге байланысты «бюджеттегілер үшін бұл ғимарат тым «май шелпек» болып кеткен жоқ па?» деген сұраққа қатысты әңгіме өріп жүр», - деді бағдарлама жүргізушісі.

Бұл сұраққа жауап берген Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Ішкі істер департаментінің ғимаратының салынғанын өте көп уақыт болғанын еске салды.

«Қалалық Полиция департаментінің қазіргі ғимараты полиция қызметкерлерінің бүгінгі санына есептелмей салынғанын айта кету керек. Өзіңіз білетіндей, қала бірнеше есеге өсті. Халықтың саны миллионнан асып кетті. Бүгінгі таңда қалалық Полиция департаментінің қызметкерлері өте тар кабинеттерде жұмыс істеп жатыр. Бұл да қызметкердердің көңіл-күйіне, тіпті бәлкім олардың жұмыс сапасына да әсер етуі ықтимал. Полиция қызметкерлерінің сапалы жұмыс атқаруына жағдай жасауымыз керектігін ескеруіміз қажет. Ол үшін тиісті ғимарат болуы керек еді», - дейді Дәурен Абаев.

Министрдің айтуынша, үлкенірек ғимаратқа көшу үшін белгілі бір нысанды жалға алу керек. Ал оны жалға алу бюджетке тағы салмақ түсіреді.

«Ал қаланың балансында «Ramada Plaza» қонақ үйі бар. Ал мемлекет болса, қонақ үй бизнесінің үздік басқарушысы емес екенін түсінетін боларсыз. Міне, сондықтан отельді сату немесе басқа мақсатта пайдалану керек. Нысан ескі орталықта орналасқанын ескере отырып, 20 жыл бұрынғы ғимаратты жоғары бағаға сату - мүмкін болмайды. Сол себепті ол ғимаратқа қалалық Полиция департаментін кіргізу - бәлкім оңтайлы шешім», - деп түйді Дәурен Абаев.

Еске сала кетсек, бұған дейін Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Астана қаласының Полиция департаменті Ramada Plaza қонақ үйіне орналасатынын хабарлаған болатын.

Соңғы жаңалықтар
Референдум