Елордадағы дүкеннің бірінде порнографиялық материалдар сатылған

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Контрафакт» іс-шарасы барысында полицейлер Нұр-Сұлтан қаласындағы дүкендердің бірінен порнографиялық материалдар сатылып келгенін анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елордадағы дүкеннің бірінде порнографиялық материалдар сатылған

«Аталған факті бойынша 29 жасар елорда тұрғыны ұсталды, ол тауарлар сататын бутиктердің бірінде порнографиялық сипаттағы белгілері бар материалдарды өткізген.

Тінту жүргізу іс-шаралары кезінде тыйым салынған материалдардан басқа 300-ден астам контрафактілік аудио-бейнеөнім, 50-ден астам лицензиясы жоқ бағдарламалық қамтылым мен компьютерлік ойындар тәркіленген», делінген хабарламада.

Ұсталған адамға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 311-бабы бойынша (порнографиялық материалдарды заңсыз тарату) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Сонымен қатар тиісті сараптама тағайындалды.

«Контрафакті» жедел-алдын алу іс-шарасын жүргізу барысында ақпараттық технологияларды қолдана отырып 24 қылмыстық құқық бұзушылық анықталды, 8 интернет-алаяқ және 1 карта шоттан ақша жымқырушы ұсталды.

24 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында 21 жасар Павлодар облысының тұрғыны ұсталды, ол елорда барларының бірінде жұмыс істеп жүріп, әртүрлі желеумен тұтынушылардың банк карталарының деректерін алып, артынша төлем жүйелері арқылы ақша ұрлаған. Жоғарыда көрсетілген факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

Полиция департаменті осындай жағдайдан сақтану жолдарын ұсынды.

«Ешкімге, оның ішінде банк қызметкерлеріне де карта шотының жеке мәліметтерін және пин-кодты бермеңіз; банк картасымен жасамаған операцияны растамаңыз; анонимді төлем жүйелері арқылы белгісіз адамға ақша аудармаңыз; компьютердегі немесе ұялы телефондағы күмән тудыратын бағдарлама мен қосымшаны пайдаланбаңыз; күмән тудыратын онлайн саудадан бас тартыңыз, тауардың бар-жоғына бейнебайланыс арқылы көз жеткізіңіз; тауардың ақысын оны жеткізгеннен кейін және тексергеннен кейін ғана төлеңіз», делінген ескертуде.