Елордадағы КВИ өршуі шілде айындағы жағдайға ұқсап келеді – басқарма басшысы

«Бүгінде қаламызда коронавирус инфекциясының жағдайы тұрақсыз. Індеттің өршуі бойынша елорда әлі де «қызыл» аймақта. 14 наурыздан бастап, ауру жұқтыру 24 пайызға өсті. Егер ақпан айында тәулік ішінде орта есеппен 100 жағдай тіркелсе, 25 наурызға сәйкес бұл көрсеткіш 230-ға дейін жетіп отыр. Пандемияның өршуіндегі ауырумен салыстырғанда, қазіргі жағдай өткен жылғы жаздағы кезеңмен ұқсас болып отыр», - деді Т. Мұратов елорда әкімдігінде өткен онлайн брифингте.
Оның айтуынша, наурыздың 25 күнінде-ақ 3754 жаңа КВИ жағдайы тіркелген, мұны 2020 жылғы шілде айының басындағы көрсеткішке теңеуге болады. Жұқпалы аурулар стационарында 480 адам жатыр (төсек-орынның 64 пайызы).
Дәрігер жансақтау бөлімінде ем қабылдайтын науқастардың да саны артқанын атап өтті. Қазіргі уақытта бұл бөлімде 55 науқас жатыр, оның ішінде 14-і жасанды тыныс алу аппаратымен дем алуда.