Елордадан өңірлерге «Инновациялық форсаж» белгісі бар автобус аттанды

АСТАНА. 27 мамыр. ҚазАқпарат - Республикалық NIF$50K инновациялық бизнес-жоспарлар байқауының ұйымдастырушылары еліміздің барлық аймағынан жас ғалымдар,
None
None

талантты өнертапқыштар мен болашақ кәсіпкерлерді іздеуді бастады. Осыған орай бүгін елордадан өңірлерге «Инновациялық форсаж» белгісі бар автобус жолға шықты.

Ең бірінші Қостанай қаласында баратын автобус одан кейін Петропавл, Көкшетау, Қарағанды, Павлодар, Өскемен, Талдықорған, Алматы, Тараз, Шымкент, Қызылорда, Ақтөбе, Орал, Атырау, Ақтау қалаларына атбасын тірейді.

Инновациялық автобустың негізгі мақсаты - жергілікті тұрғындарға NIF$50K байқауы жайында ақпарат беру, әлеуетті өтініш берушілерді байқауға қатысуға шақыру және барша отандастарымызды «Инновациялық форсаж» интеллектуалды телешоуын тамашалауға, ұнаған жобалар мен инноваторларға қолдау көрсетуге шақыру.

Сапар барысында Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі мен Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттіктің сарапшылары инновациялық идея авторларымен кездесіп, барлық сауалдарына жауап беретін болады. Сонымен қатар агенттік тарапынан көрсетілетін инновациялық гранттар, технологиялық бизнес-инкубатор бағдарламасы сынды қолдау тетіктері жайлы да кеңес беріледі.

Естеріңізге сала кетейік, автобус биыл екінші рет аймақтарға бет алып отыр. Былтыр инновациялық автобустың өңірлерді аралауы байқауға өтініш берушілер санын 1,5 есе арттырған болатын.

Соңғы жаңалықтар