Елордаға қатынайтын автобустар жаппай тексерілді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астаналық полицейлер, Көліктегі бақылау инспекциясы мен Астана қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының қызметкерлерімен қалаға сырттан келетін қоғамдық автобустарды жаппай тексерді, деп хабарлады astana.kz.
Тексеріс барысында 305 әкімшілік хаттама толтырылды. Оның ішінде 100-ден астам автобустан техникалық ақау шығып, 4-еуі жылдамдықты асырған. Тағы 21-і техникалық тексеруден мүлде өтпеген болса, 17 көлік сақтандырылмаған. Техникалық ақауымен жолға шыққаны үшін автобус парктерінің заңды тұлғаларына 4 әкімшілік хаттама толтырылды. Бүгінде қала аумағында 6 Жол-патрульдік полиция бекеті бар. Күніне қалаға 100-ден астам автобус қатынайды. Сондықтан, автобустардың техникалық сапасы мен жол ережесінің бұзылмауы қатаң бақылауға алынған. «Статистикаға сүйенсек, Астана қаласының аумағында жыл басынан бері автобустарға қатысты 24 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Онда 3 адам қаза тауып, 33 адам жарақаттанған. Оның ішінде автобус жүргізушілерінің кінәсінен болған жол-көлік оқиғаларында 17 адам қаза тауып, 18 адам жараланған», - деді Астана қаласы ІІД ӘПБ ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Бақытжан Алтыбай.