Елордалық оқушы әлемнің топ университеттерінен шақырту алды
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада № 9 «Зерде» мамандандырылған лицейінің 11-сынып оқушысы Ермұхамед Түктібай халықаралық деңгейдегі үлкен жетістіктерімен көзге түсіп, әлемнің жетекші университеттеріне шақырылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Жас талапкер бірден бірнеше беделді жоғары оқу орнының білім грантына ие болды.
Ермұхамед QS әлемдік рейтингінде алдыңғы орындарда тұрған The University of Hong Kong (HKU) университетіне «Машина жасау» мамандығы бойынша оқуға шақырылды. Сонымен қатар, The Hong Kong Polytechnic University және City University of Hong Kong университеттері оған оқу ақысы мен тұру шығындарын толық өтейтін гранттар ұсынды. Мұндай ұсыныстар халықаралық тәжірибеде өте сирек кездеседі және талапкердің академиялық деңгейінің ерекше жоғары екенін көрсетеді.
Болашақ инженердің білім көрсеткіштері де таңғаларлық. Ермұхамед халықаралық емтихандарда үздік нәтиже көрсеткен: SAT — 1540 балл, оның ішінде 790 балл математикадан, ал IELTS — 8.0, бұл ағылшын тілін еркін академиялық деңгейде меңгергенін дәлелдейді.
Сарапшылардың айтуынша, мұндай ұпайлар әлемнің ең мықты университеттеріне еркін түсуге мүмкіндік береді.
Ермұхамед тек жоғары тест нәтижелерімен шектелмейді. Ол — тәжірибеге бейім жас зерттеуші. Оның инженерлік жобалары материалдардың төзімділігін зерттеуге бағытталған: оқушы SolidWorks бағдарламасында тісті берілістерді өзі жобалап, оларды 3D-баспа арқылы жасап, түрлі полимерлердің тозу деңгейіне тәжірибелік сынақтар жүргізген.
Сонымен қатар, жас ғалым математика мен өнердің тоғысын да зерттеген. Ғылыми жобасы аясында ол суретші М. К. Эшердің парадокстарын визуалды-математикалық тұрғыдан талдап, «мүмкін емес» фигура ретінде танымал Пенроуз үшбұрышының физикалық моделін құрастырды. Бұл жоба оның креативті ойлау қабілеті мен күрделі ғылыми ұғымдарды практикамен ұштастыра алатынын көрсетті.
Мамандардың пікірінше, Ермұхамедтің жетістігі — тек жеке табыс емес, сонымен бірге қазақстандық оқушылардың жаһандық білім кеңістігінде бәсекеге қабілетті екенін дәлелдейтін маңызды көрсеткіш. Жас талапкердің алдағы уақытта инженерия саласында ірі жаңалықтарға жол ашуы әбден мүмкін.
Айта кетейік, осыған дейін осы мектептегі 11-сынып оқушысы Аяла Серікқызы әлемнің ТОП-10 университеттерінен ресми шақырту алған. Олардың қатарында Лига Плюща (IVY League) қатарына кіретін Harvard University, Brown University, University of Cambridge, Stanford University, MIT және әлемдік рейтингтерге енген өзге де беделді университеттер бар.