Елордалық спортшы жастар арасында GTF таэквондодан әлем чемпионатында топ жарды

АСТАНА. KAZINFORM – Біріккен Араб Әмірліктерінің Әл-Айн қаласында 15-17 жас аралығындағы жастар арасында GTF таэквондодан әлем чемпионаты мәресіне жетті. Аталған турнирге әлемнің 25 елінен 600-ден астам спортшы қатысты. Бұл сында елордалық спортшы қарсыластарынан үздік шықты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Елордалық спортшы жастар арасында GTF таэквондодан әлем чемпионатында топ жарды
Фото: Астана әкімдігі

Қазақстан құрамасы бұл беделді турнирде лайықты өнер көрсетті. Атап айтқанда, елордалық спортшы Сабрина Байжігітова 40 кг дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынады. Ол жоғары деңгейдегі дайындығын, шеберлігін, төзімділігін және жеңіске деген жігерін көрсете білді. 

Чемпиондық атақ үшін болған тартысты жекпе-жектерде Сабрина алтын жүлдегеүмітті өзге елдердің үздік спортшыларымен күш сынасты. Алайда сенімділік пен нағыз спортшыға тән мінез көрсеткен ол финалда ресейлік қарсыласынан басым түсіп, турнирдің барлық кезеңінен сүрінбей өтті. 

Жалпыкомандалық есеп бойынша Қазақстан құрамасы әлемнің үздік үш командасының қатарына еніп, таэквондоның қазақстандық мектебінің жоғары деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Еске салсақ, осыған дейін Малайзияның Кучинг қаласында өтіп жатқан таэквондодан жастар арасындағы Азия чемпионатының екінші жарыс күнінде Қазақстан құрамасы 11 медаль алғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар