Елордалық спортшылар пара пауэрлифтингтен ел чемпионатында бірнеше медаль жеңіп алды
АСТАНА. KAZINFORM – Астанадағы Паралимпиадалық жаттықтыру орталығында тірек-қимыл аппараты зақымданған спортшылар арасында пара пауэрлифтингтен Қазақстан чемпионаты өз мәресіне жетті. Ел біріншілігінде елордалық спортшылар 3 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте 4-орынға тұрақтады, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Елордалық спортшылардың нәтижелері:
Вазир Надыров – 59 келіге дейінгі салмақта жеке есепте 133 кг көтеріп, 1-орын алды; үш тәсіл қосындысы бойынша 380 кг нәтижесімен де 1-орын иеленді.
Қуаныш Рахатұлы – 54 келіге дейінгі салмақта жеке есепте 122 кг көтеріп, 1-орынға шықты; үш тәсіл қосындысы бойынша 232 кг нәтижесімен 3-орын алды.
Қанат Байлин – 107 келіге дейінгі салмақта жеке есепте 154 кг көтеріп, 2-орынды иеленді; үш тәсіл қосындысы бойынша 449 кг нәтижесімен де 2-орынды алды.

– Турнирге еліміздің 17 өңірінен 130-ға жуық спортшы 20 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті. Жарыс қорытындысы бойынша үздік өнер көрсеткен спортшылар ұлттық құрама сапына іріктеледі. Оған қоса, бұл бәсеке сәуір айында Бангкок қаласында (Таиланд) өтетін Азия чемпионатына іріктеу кезеңі болып саналады. Алдағы уақытта Қазақстан ұлттық құрамасы 6-11 наурыз аралығында Тбилисиде (Грузия) өтетін халықаралық турнирге аттанады. Спортшыларымыз аталған бәсекеде жоғары нәтижеге қол жеткізеді деген үміттеміз, - деді Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының пара пауэрлифтингтен команда басшысы Ұлан Ануар.
Жалпыкомандалық есепте бірінші орынды Қызылорда облысы иеленсе, екінші орын Жетісу облысына, үшінші орын Қостанай облысына бұйырды.
Еске салсақ, бұдан бұрын дзюдодан ел құрамасы Ташкенттегі Grand Slam турнирін жүлдесіз аяқтағанын хабарлаған едік.