Елордалық жасөспірім халықаралық пошта арқылы марихуана алдырған

АСТАНА. KAZINFORM — Елордалық жасөспірім халықаралық пошта арқылы ірі көлемде марихуана алдырып, оны сатпақ болған. Бұл туралы Астана қаласы прокуратурасының Мемлекеттік айыптауды қолдау және апелляциялық сатыға қатысу басқармасының аға прокуроры Азамат Тоқтарбай айтты.

марихуана
Фото: freepik.com

— 2024 жылдың наурыз және сәуір айларында кәмелетке толмаған жасөспірім өз үйінде отырып, Telegram арқылы марихуана есірткісіне тапсырыс берген. Оны халықаралық пошта арқылы алдырып, үйінде сақтаған. Кейін ол есірткіні сақтау және сату мақсатында дозаға бөлу үшін арнайы пәтер жалдаған. Пәтерді тінту кезінде 998,43 грамм марихуана табылды. Үкіметтің 2019 жылғы 3 шілдедегі қаулысына сәйкес, 50-ден 1000 грамға дейінгі марихуана ірі көлемдегі есірткіге жатады, — деді аға прокурор ОКҚ алаңында.

2024 жылғы 17 желтоқсанда күдікті жасөспірімді сот ірі көлемде есірткі затын заңсыз сатып алып, сақтап, сату мақсатында әрекет еткені үшін кінәлі деп таныды.

— Ол бұл әрекетті алдын ала сөз байласу арқылы, электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалана отырып жасаған. Бұл ҚК 297-бабының 3-бөлігі 1 және 5-тармақтарына, сондай-ақ 28-баптың 5-бөлігі және 286-баптың 2-бөлігі 4 және 5-тармақтарына сәйкес қылмыс саналады. Сол себепті жасөспірім 8 жылға бас бостандығынан айырылды, — деді Азамат Тоқтарбай.

Айта кетейік, жуырда Ұлттық қауіпсіздік қызметі екі халықаралық есірткі арнасын жойғанын мәлімдеген еді.

Соңғы жаңалықтар