Елордалықтар Damubala.kz сайтының жұмысына шағымданып жатыр

27 қыркүйекте сағат 13:00-де елордада Damubala.kz онлайн-платформасы арқылы балаларды тегін шығармашылық үйірмелерге тіркеу басталды.

астана тұрғындары
Фото: ҚазАқпарат

Алайда қабылдау ашылып, арада бірнеше минут өткен соң жүйеден техникалық ақаулар шыққан. Бұған қатысты ата-аналар шағым түсірді. Осыған байланысты Астана қалалық мәдениет басқармасы түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Damubala.kz-тің Instagram парақшасында орналастырылған жарияланымның астына ата-аналар наразылық білдіріп, пікір қалдырған.

Астаналық Ділнәр Достың айтуынша, тегін үйірмелердегі орындар бірнеше минут ішінде таусылған. Ал сағат 13:04-те сайт істемей қалған.

«Сайттың жұмысынан көңілім қалды. Бір баламды кеше, екіншісін бүгін тіркедім. Бірақ сағат 13:04-те бәрі қатып қалды. Оған дейін туу туралы куәлігінің ақпаратын енгізген едім, дегенмен толтырған барлық деректерім жоғалып кетті. Егер істемесе, онда бізге неге мұндай тіркеу туралы мүмкіндік ұсынады? Неліктен көптеген олқылық шықты, сайт неге қатып қалады?»,- деп мәселесін жеткізді елорда тұрғыны.

Ал, Астана қалалық мәдениет басқармасы болса ақпараттық жүйе ауыр жүктемеге қарамастан, штаттық режимде жұмыс істегенін алға тартты.

«27 қыркүйек сағат 13.00-де Damubala.kz ақпараттық жүйесі арқылы мемлекеттік шығармашылық тапсырысты орындау аясында тіркеу жүргізілді. 40 минут ішінде бюджет бекітілгеннен кейін бөлінетін 7 500 ваучерді алуға өтініш қабылданды», - деп мәлім етті ведомстводан.

Ата-аналар бұл жүйені қайта қарау талабын қойып отыр.

Айта кетейік, 27 қыркүйек күні сағат 20:00-де Damubala.kz арқылы спорт секцияларына жазылу басталады.

Соңғы жаңалықтар