Елордалықтардың LRT игілігін көруі 1 жылға шегерілуі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр елордадағы LRT қашан пайдалануға берілетінін айтты.

Ақордада БАҚ өкілдері бірінші вице-премьерден LRT қашан пайдалануға берілетіндігін сұраған еді. Сауалға жауап берген ол қаржыландырудың бар екенін, жақында тестілік режимде іске қосу жүргізілетіндігін айтты.
— Келесі жылдың соңында. Келесі жылы астаналықтар қатынай бастайды, — деді Роман Скляр.
Айта кетейік, «CTS» ЖШС басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаев қыркүйек айында LRT-ны тестілік режимде іске қосу, яғни жолаушысыз пойыздарды сынақтан өткізу жоспарланып отырғанын айтты.
Жеңіл рельсті көлік жобасы озық GoA4 стандартына сәйкес жүзеге асырылып жатыр, бұл 6 айлық сынақ мерзімін талап етеді.
24 мамырда Қытайдың Таншань қаласында Астана қаласына арналған LRT вагондарының алғашқы екі құрамы жіберілді.
Таншань қаласындағы зауытта жоба аясында барлығы 19 бірлік жылжымалы құрам жасалады. Заманауи, төрт секциялы, жүргізушісіз жүретін, автоматтандырудың төртінші деңгейіндегі вагондардың әрқайсысы 650 жолаушыға арналған.