Елордалық бармен есірткі таратқаны үшін 15 жылға қамалуы мүмкін – Полиция

АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордалық түнгі клубтың 22 жастағы бармені есірткі таратқаны үшін ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елордалық бармен есірткі таратқаны үшін 15 жылға қамалуы мүмкін – Полиция

Күдікті өзінің жұмыс орнында – түнгі клубтың бар үстелінде мефедрон сатуды ұйымдастырған.

«Астана қаласы Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын өткізіп, жеткілікті дәлелдеме базасын алып, есірткіні ойын-сауық орындарында өткізгені үшiн түнгі клубта бармен болып жұмыс істейтін жас жігітті ұстады. Оның жалға алған пәтерін тінту кезінде «каннабис» және «синтетикалық» есірткі заттары да тәркіленді», - деді ҚР Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек онлайн брифингте.

Жедел-іздестіру шаралары кезінде 4 грамм мефедрон және 11 грамм гашиш тәркіленді.

«Енді күдікті он жылдан он бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», - деді Ш. Тұрлыбек.

Айта кетейік, Ішкі істер министрлігі психоактивті заттар мен басқа да синтетикалық есірткілерге тосқауыл қоюға арналған «Рефлекс-2022» жедел-профилактикалық шарасын аяқтады. Операция басталғаннан бері 5 жасырын наркозертхана жойылды, онда 100 келіден астам дайын есірткі тәркіленген.