Елордалық бүлдіршіндер 99% балабақшамен қамтылған

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында 400-ден астам мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс істейді. Және астаналық балалардың 99%-ы балабақшамен қамтамасыз етілген. Бұл туралы қалалық Білім басқармасының басшысы Шәкәрім Сейсенбай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елордалық бүлдіршіндер 99% балабақшамен қамтылған

«Бүгінгі күні елордада 52 307 балаға арналған түрлі типтегі 419 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде 100 мемлекеттік және 272 (оның ішінде 262-де мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша) жеке меншік балабақша бар. Сонымен қатар 44 шағын орталық жұмыс істеп тұр, оның 2-уі жеке меншік және 3-уі ведомстволық ұйым. Өткен жылмен салыстырғанда биыл елордада балабақша саны 42-ге ұлғайды», - деді Ш. Сенсенбай қалалық Мәслихаттың жалпы отырысында жасаған баяндамасында.

Оның мәліметінше, бүгінгі таңда елордада балаларды балабақшамен қамту 99%-ды құрайды.

«2019 жылдан бастап мемлекеттік тапсырыс аясында жекеменшік балабақшалар көптеп ашыла бастады, соның нәтижесінде мектепке дейінгі білім беру мекемелер саны 131-ге дейін артты. Ал 2020 жылы 60-қа жуық жаңа жекеменшік балабақшаға 5 800 орынға мемлекеттік тапсырыс орналастырылып, 3-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші 99% - ға жетті», - дейді ол.

Қалалық Білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, қазіргі уақытта «INDIGO» электрондық жүйесі арқылы балабақша кезегіне 62 405 бала (0-6 жас) тіркелген.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, аталған жиында қаладағы балабақшалар арасында рейтинг жасау идеясы көтерілді.

Сондай-ақ, Ш. Сейсенбай Нұр-Сұлтан қаласындағы балабақшалардың 100%-ы бейне бақылау камераларымен қамтылғанын мәлім етті.