Елордалық «Қаллеки» театры халықаралық фестивальге барады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордадағы Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының («Қаллеки» театры) ұжымы 26-31 қазан аралығында Атырау қаласында өтетін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық Шыңғыс Айтматов сыйлығының лауреаты, көрнекті жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың Халықаралық театр фестиваліне қатысады.
None
None

Бұл туралы аталған өнер ордасының «Ақпарат орталығы» хабарлады.

Аталмыш фестивальге театр ұжымы автордың «Нашақор новелласы» атты шығарма желісі бойынша сахналанған режиссер Нұрлан Жұманиязовтың «Көлеңкесіз жолаушы» қойылымымен қатысады.

«Көлеңкесіз жолаушы» драмасының премьерасы 2014 жылдың 10-11 желтоқсанында өтті.

Қарапайым отбасының жалғыз ұлы Жалғас нашақорлыққа қалай тап болды? Қоғамымызды құрт ауруындай жайлап келе жатқан нашақорлық деген дерттен қалай құтыламыз? Бүкіл адамзат баласына төніп тұрған қауіптен ұлтымыздың болашағы жас ұрпақты қалай аман алып қаламыз? Міне, қойылым осы сұрақтарға жауап іздейді.

Спектакльдің бас кейіпкерлерін - ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері - Ақыш Омар, Кеңесбай Нұрланов, Боранбай Молдабаев және Майра Омар, Айнұр Бермұхамбетова, Ержан Нұрымбет, Сая Тоқманғалиева, Жасұлан Ерболат, Ақарыс Әшімхан, Алтынгүл Серкебаевалар сомдайды.

Соңғы жаңалықтар