Елордалық кәсіпкерлерге 120 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несиелер берілді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2014 жылы «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында Астанада 100-ден астам бизнес-жоспар жазылып, кәсіпкерлерге екінші деңгейлі банктерде 120 млн.теңге көлемінде жеңілдетілген несиелер берілді, деп жазады astana.kz.

Өткен жылы «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында сервистік қолдау көрсету Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасына берілді. 2014 жылдың қорытындысы бойынша 1750 шағын және орта бизнес субъектісіне қызмет көрсетілді, 2 мыңнан астам қызмет ұсынылды. Ең көп қолданылатын қызмет түрі - салық және статистикалық есеп тапсыру, ол жалпы қызметтердің 20% құрады, сонымен қатар, құқықтық мәселелер бойынша консультациялар да жиі беріледі - 10%. Бұдан басқа, Бағдарлама аясында 100-ден астам бизнес-жоспар жазылды. Соның нәтижесінде елордалық кәсіпкерлерге екінші деңгейлі банктерде 120 млн.теңге көлемінде жеңілдетілген несиелер берілді. Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Мейірбек Мажитовтың айтуынша, салық және статистикалық есептерді тапсырудың ерекшеліктерін, менеджмент жүйесін енгізуді, кедендік рәсімдеуді және мемлекеттік сатып алуларға қатысуды әрбір кәсіпкер біле бермейді. Сонымен қатар, оларда білікті заңгерлерді, маркетологтар мен АТ саласындағы мамандарды штатқа алуға мүмкіндік жоқ. Сервистік қолдау осы қиындықтарды шешуге бағытталған, енді әрбір кәсіпкерге жоғарыда аталған бағыттар бойынша тегін кеңес немесе қызмет ұсынылады. Кәсіпкерлерге қолдау көрсетумен қоса, 100-ден астам сайт пен веб-парақша ашылды. Сондай-ақ, сервистік қолдау аясында әртүрлі 57 шеберлік сыныбы өткізіліп, 650 адам оқытылды.

Соңғы жаңалықтар
telegram