Елордалық мұражайда халықаралық «Шабыт» фестиваліне қатысушылардың көрмесі ашылды

Биылдан бастап фестивальдің ұйымдастырушы комитетінің шешімімен қатысушыларға 16-30 жас аралығында шек қойылды. Байқауға «Мүсін және сәндік-қолданбалы өнер» аталымы бойынша еліміздің 12 аймағынан 144 өтінім келіп түсті. Атап айтқанда, Астана, Алматы, Атырау, Павлодар, Тараз, Орал, Шымкент қалаларынан, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарынан, сондай-ақ, Астанада оқып жүрген Қытай мен Ресей қатысушыларынан. Жалпы, байқауға 124 адам атсалысады.
Бүгін байқау-көрмеге 232 экспонат қойылады. Соның ішінде, түс кілемдер, батик, ши, түкті кілемдер, кесте, киіз бен саздан жасалған панно, тері мен аппликациялар, витраждар, папье-маше композициялары, музыкалық аспаптар, зергерлік бұйымдар, ұлттық нақыштағы қазіргі заманғы киім-кешек, әйелдердің аксессуарлары, керамика, жіп және бисерден тігілген кесте, кәдесый жиынтықтары, ағаш жиһаздар, былғары панно мен мүсіндер, сөмкелер, жолқапшықтар, қолда бар материалдан жасалған ертегі кейіпкерлері, ди-джей үстелі, түрлі макеттер мен басқалары.
Көрмеде жас суретшілер, дизайнерлер, киім дизайнының шеберлері, оқытушылар, ЖОО мен колледж магистранттары мен студенттері және балалар көркемөнер мектебі оқушылары жасаған туындылар көпшілік назарына ұсынылады.
Байқау лауреаттары ХVІ халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің ұйымдастырушылық комитетінің І, ІІ, ІІІ дәрежедегі дипломдарымен марапатталады, Гран-при мен арнайы сыйлыққа ие болады. Биыл «Шабыт» фестивалінде Досмағамбетов Төлеген Сәбитұлы атындағы диплом ұсынылады.
Байқау қорытындысын шығару және қатысушыларды салтанатты марапаттау рәсімі 8 қарашада сағат 12.00 Қазіргі заманғы өнер мұражайында, сағат 15.00 «Шабыт» Қазақ ұлттық өнер университетінде өтеді. Ал кешке сағат 19.00 Бейбітшілік және Келісім сарайында байқау лауреаттарына І, ІІ және ІІ дәрежелі Дипломдар мен Гран-при табыс ету рәсімі, мерекелік концерт ұйымдастырылады.