Елордалық оқушылар Испанияда футболдан халықаралық чемпионаттың күміс жүлдегерлері атанды

1 - 10 қарашада футболшылар мектеп демалысы кезінде Испанияның Сория қаласында болып қайтты. Оқушылар екі реттік жаттығуға қатысып, дөңгелек жүйесімен жергілікті командалармен 30 минуттық екі таймнан кездесу өткізді. Отандық команда лайықты өнер көрсетіп, «Депортиво Нумансия» балалар академиясының құрамасына ғана есе жіберді және «Сан Хосе» командасымен тең ойнады.
Жас астаналықтар үшін мәдени бағдарлама ұйымдастырылды. Олар Мадрид пен Сорияның көрікті жерлерімен танысты, Испания чемпионатының екінші дивизиондағы «Депортиво Нумансия» және Сарагоса командаларының арасындағы кездесуді тамашалады.
«Депортиво Нумансия» клубының директоры Сесар Паласиос қазақстандықтардың бұл сапары қабылдаушы тарап үшін де маңызды екенін атап өтті.
«Бұл екі мемлекет арасындағы маңызды мәдени алмасу, жас футболшылар үшін испандық футболдағы жаттығулар, міндеттер туралы білу, сонымен қатар, балалар футболын дамытудың бапкерлік әдістерімен танысу мүмкіндігі», - деді Паласиос.
Өз кезегінде, астаналық №8 МОРБЖСМ бапкері Виктор Балтабаев испандық балалар футболының даму ерекшеліктерін атап өтіп, осы сапарды ұйымдастырғандары үшін алғыс айтты.
«Біз басқа мемлекетке келсек те, мүлде басқа әлемге түскендейміз. Тіпті, кішкентай қалалардың өзінде футбол жоғары деңгейде дамыған. 400 бала жаттығатын керемет бес алаңды көріп, таң қалдық. Футбол академиясы шағын, бірақ өте сыйымды. Әрбір топта екі футболшы ғана жаттығады. Осы уақыттың ішінде көп нәрсеге үйрендім, оны міндетті түрде Астанада практикада қолданатын боламын. Балаларға берген мүмкіндік үшін Астана әкімдігіне де, футбол федерациясына да алғыс айтамын. Бұл олар үшін баға жетпес тәжірибе», - деді Балтабаев.
Еске салайық, елордалық №40 орта мектеп командасы жазда футболдан мектеп лигасында жеңіске жетті және бас жүлде ретінде Испанияға жолдамаға ие болды. Сонымен қатар, Испанияға Лиганың үздік төрт ойыншысы да аттанды. Астана қаласының футбол федерациясы мен елорда әкімдігінің қолдауымен Мектеп лигасы аясында футболдан жарыс үшінші рет өткізілді.