Елордалық оқушылар өздерін полиция рөлінде сезініп көрді

Акция аясында елордалық полицейлер балаларды Астана ІІД әкімшілік ғимаратын, Жедел басқару орталығы мен Кинологиялық орталықты аралатып, жауапты мамандықтың қыр-сырымен таныстырды.
«Акцияның екінші күні - 17 қазанда Оқушылар сарайы алаңында балаларды арнайы техникалар және қызметтік иттермен таныстырдық. Олар қызметтік автокөліктерге, Мемлекет басшысының кортежына ілесіп жүретін мотоциклдерге отырды, арнайы үйретілген иттерге тапсырма беріп, өздерін полиция рөлінде көруге мүмкіндік туды. Үшінші күні балалар ІІМ және ІІД музейлерін аралап, Отан үшін жанын қиған қазіргі заманғы батырлар туралы мәліметтерге қанық болды», - деп атап өтті Астана қаласы ІІД ЖПҚ ЮПБ бастығы, полиция подполковнигі Самал Ахмет.
Самал Ахметтің айтуынша, қазіргі таңда Астана қалалық ІІД есебінде 222 бала тұр. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,5%-ке аз. Биыл кәмелетке толмағандар арасында 130 қылмыс жасалған.
Жалпы, акцияға 25 мектептің бастауыш сынып оқушылары мен 5-7 сынып аралығындағы 30 шақты оқушы қатысқан.