Елордалық полицейлер балалар автоорындықтарының стандарттарын түсіндірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордалық полицейлер балалар автоорындықтарының стандарттарын түсіндірді, деп хабарлады Астана қаласының ресми сайты.

2015 жылғы 7 қаңтарда жаңа Жол қозғалысы ережелерінің заңды күшіне енуіне байланысты жүргізушілер арасында автоорындық немесе басқа тұтқыр құрылғыларды дұрыс таңдау мәселесі өзекті болып отыр.

Астана қаласының ІІД ӘПБ хабарлауынша, ЖҚЕ «Жолаушылар тасымалы» 22-тарауына балаларды көлікпен тасымалдауға қатысты толықтырулар енгізілді: 12 жасқа дейінгі балаларды автокреслосыз немесе тиісті тұтқыр құрылғыларынсыз, сондай-ақ механикалық көлік құралының алдыңғы орнында арнайы ұстап тұратын құрылғыларсыз тасымалдауға тыйым салынады. ҚР ӘҚК 593-бабына сәйкес осы талаптарды сақтамағаны үшін 5 АЕК, ал жыл ішінде осы құқық бұзушылық қайталанған жағдайда 10 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған.

ҚР СТ 41.44-2012 Балаларға арналған ұстап тұратын құрал стандартына сәйкес, аталмыш құрал - айылбастары бар икемді элементтерден немесе баулардан, реттеуші құрылғылардан, бекіту бөлшектерінен және кейбір жағдайларда қосымша құралдардан (мысалы, балаларға арналған аспа бесіктер, алынып-салынатын балалар орындығы, қосымша орындық немесе көлік құралы шанағының ішкі бөлігіне бекітілетін соққыға қарсы экран) тұратын элементтер жиынтығы.

Сонымен қатар, автомобиль салонында баланы тасымалдау үшін аспа бесіктер мен жастық-бустерлер де, балаға қауіпсіздік белдігін тағуға мүмкіндік беретін басқа да арнайы құрылғылар қолданылады, олар да «балаларды ұстап тұратын құрылғылар» (БҰҚ) ретінде классификацияланады.

Аталған Стандартқа сәйкес БҰҚ 4 топқа бөлінеді:

"0" тобы (аспа бесіктер мен тасымалдар). Жолаушының жасы - жаңа туған сәбилер мен 6 айға дейінгі нәрестелер. Баланың салмағы 10 келіден аз. Қозғалыс бағытына жанымен орнатылады.

0+ тобы (балаларға арналған автомобиль орындықтары) Баланың жасы - жаңа туған сәбиден бастап 1 жасқа дейін. Салмағы - 13 келіге дейін. Көлік қозғалысына қарсы орнатылады.

I топ (балаларға арналған автомобиль орындықтары). 9 айдан 4 жасқа дейінгі балаларға арналған. Жолаушының салмағы - 9-18 келі. Көлік қозғалысының бағытында орнатылады ("0/I" әмбебап тобына жататын автоорындықтарды екі жолмен орнатуға болады: қозғалыс бағытында және оған қарсы).

II топ (балаларға арналған автомобиль креслолары мен орындықтары). Жолаушының жасы - 3-7 жас. Салмағы - 15-25 келі. Қозғалыс бағытымен орнатылады.

III топ (балаларға арналған автомобиль креслолар мен орындықтар)

Баланың жасы - 6-12 жас. Жолаушының салмағы - 22-36 келі. Қозғалыс бағытымен орнатылады.

Балаларға арналған ұстап тұратын құрылғылар бекітілуіне қарай төрт санатқа бөлінеді:

- әмбебап (universal) - ересектерге арналған қауіпсіздік белдіктерінің көмегімен бекітіледі және алдыңғы және артқы орындыққа орнатылады;

- шектеулі (restricted) - нақты типтегі көлік құралдарына қарастырылған белгілі бір орындықтарға ғана бекітіледіі;

- жартылай әмбебап (semi-universal) - төменгі және қосымша бекіткіштердің көмегімен орнатылады;

- ерекше (specific vechicle) - көлік құралын шығарушы конструкциялаған бекіткіштердің көмегімен немесе балаларды ұстап тұратын құрылғылардың көмегімен орнатылады.

Қандай да болмасын креслоны сатып алмас бұрын, көліктегі бекіткіштердің қандай екенін біліп алу керек.

Автомобильдің артқы жағындағы орындықтар изофикс (Isofix) бекіткіштерімен жабдықталады. Бұл балалар креслосын көліктің шанағына бекітудің әмбебап стандарты. Ол балаларға ішкі қауіпсіздік белдіктері тағылатын 0+ және І креслолары үшін ғана қолданылады. Премиум-класс модельдерінде автокреслоны алдыңғы жолаушылар орындығына да орнатуға болады. Тек салоны кең автомобильдерде ғана (көп жағдайда минивэндер мен жолсызда жүретін үлкен орындықтар) артқы үш орындық изофикспен жабдықталады.

Краш-тесттің нәтижесінде, ЖКО орын алған жағдайда қауіпсіздік белдігін тақпаған немесе арнайы ұстап тұратын құрылғыларда отырмаған балалардың жиі зардап шегетіні анықталды. Шетелдерде жүргізілген ғылыми жұмыстардың нәтижесінде, автокреслоларды қолданған жағдайда ЖКО салдарынан балалардың қаза табу жағдайлары 80% артық, ауыр дене жарақаттарының саны 64-80%, ал жеңіл дене жарақаттары 70% төмендегенін көрсетті.

Жолда болжап болмайтын жағдай орын алуы ықтимал, осындай жағдайларда бала өмірін тек арнайы ұстап тұратын құрал ғана сақтай алады!

Соңғы жаңалықтар
telegram