Елордалық полицейлер балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арнап Ашық есік күнін өткізді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордалық полицейлер кинологиялық қызмет орталығы мен «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімшесі балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арнап Ашық есік күнін өткізді, деп хабарлайды қалалық ІІД баспасөз қызметі.
Ішкі істер органдары қызметкерлерінің жағымды имиджін нығайту және халықтың полицияға сенімін арттыру мақсатында 2015 жыл азаматтардың полиция қызметіне сенімі жылы болып жарияланды.
Ашық есік күні - елордалық полицейлер 2015 жылы жоспарлаған іс-шаралардың алғашқысы. Ол «Халықтың сенімі - полиция күші» ұранымен өткізіледі. Жыл бойы тәртіп сақшылары мәдени-көпшілік, спорттық және қайырымдылық, соның ішінде құқықтық тақырыпта шараларды жүргізеді.
Бүгін 6-8 сыныптың 30 оқушысы кинологтар мен олардың төбеттерінің қызметімен танысты.
Астана қаласының Ішкі істер департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Амантай Әубәкіров өз сөзінде балаларды сабақтарын жақсы оқуларын, келешекте кейбіреулерінің полиция мамандығын таңдауы мүмкін екендігін айтты, оларға бүгінгі серуендерінің сәтті өтуін тіледі.
Экскурсия кезінде балақайлар кинолог мамандар мен «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімшесі жауынгерлерінің көрсетілімдерін көрді, сондай-ақ арнайы техникалармен танысты.
Көрсетілім аяқталысымен, балаларға кинологиялық қызмет төбеттерінің тор қоршауларын көрсетті, Оған қоса, балалар спорттық жарыстарға қатысып, Жол-патрульдік полициясының атты взводының арғымақтарына мініп, жегілген төбеттермен саяхат та жасады.
Іс-шара тәмамдалғаннан соң, балалар әскери ботқадан және ыстық шайдан дәм татты. Әрбір қонаққа полицейлер сыйлық тарту етті.