14:37, 03 Шілде 2013 | GMT +5
Елордалық полиция азаматтарды 3 млн. теңгеге ынталандырады
АСТАНА. 3 шілде. ҚазАқпарат - Астананың Ішкі істер департаменті полиция көмекшілерін, яғни, қоғамдық тәртіпті қорғауға және қылмыстың ашылуын қамтамасыз етуге қатысқандарды ынталандырады.
Бұл туралы құқық қорғау ведомствосының баспасөз қызметінен хабарланды.
Бүгінде елорданың аймақтық ішкі істер басқармаларында полицияның 332 қоғамдық көмекшісі жұмыс істейді. Оның ішінде мемлекеттік емес құрылымдардың күзетшілері мен ішкі істер органдары ардагерлері де бар.
Жыл басынан бері олардың көмегімен 74 қылмыс ашылып, әкімшілік жауапқа 4 мыңға жуық құқықбұзушы тартылды.
Елордалық полиция биылғы жылғы екінші тоқсанның қорытындысы бойынша жалпы сомасы 3 млн. теңгеге 200 қоғамдық көмекшіні көтермелеуді (әрқайсысына 15 мың теңгеден) жоспарлап отыр. Олардың қатарында 126 консъерж және жастар жасақтарының 55 мүшесі бар.