Елордалық полиция полковнигі заңсыз жүрген өзбектерге жеке үйін салдырған

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қалалық ІІД кадр жұмыс басқармасының жеке құрам жөніндегі инспекция бастығы Өтепберген Тынымбаев заңсыз өзбектердің еңбегін пайдаланған, деп хабарлады департамент баспасөз қызметінен.

Елордалық полиция полковнигі заңсыз жүрген өзбектерге жеке үйін салдырған

«Жүргізілген қызметтің тергеу амалдары барысында Ө.Тынымбаевтың Интернациональный елді мекеніндегі үйін салдыру үшін Өзбекстан Республикасынан заңсыз еңбек мигранттарын тартқандығы белгілі болды. Оған қоса оның нұсқауымен құрылыс материалдарын полиция қызметкерлері жеткізіп беріп отырған. Дәл осы мақсаттарға Ө.Тынымбаев қызметтік көліктерді пайдаланған», делінген хабарламада.

Сонымен қатар баспасөз қызметінің таратқан ақпаратына қарағанда, ол өзіне тиесілі қызметтік пәтерді қосымша заңсыз табыс алу үшін жалға берген.

«Құқық қорғау органдарының беделіне нұсқан келтіретін әрекеттері, сонымен бірге жеке пайдасы үшін қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану түріндегі жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін Астана қалалық ІІД кадр жұмыс басқармасының жеке құрам жөніндегі инспекция бастығы Ө.Тынымбаев құқық қорғау органдарынан шығарылды», - дейді ІІД баспасөз қызметінен.

Ө.Тынымбаев ішкі істер органдарынан өзін жұмыстан шығару туралы бұйрықты заңсыз деп тану үшін Сарыарқа аудандық сотына жүгінді. 7 наурыз күні аудандық сот Ө.Тынымбаевтың арызын қанағаттандырды.

«Ө.Тынымбаев жасаған тәртіптік іс-әрекеттердің анық байқалатындығын ескерген Астана қалалық ІІД аталған сот шешімін негізсіз деп санайды», - делінген хабарламада.