Елорданың Алматы ауданында 15 қоғамдық кеңістік салынып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласының Алматы ауданында бірнеше саябақ ашылады. Бұл туралы аудан әкімі Рүстем Тәуекелов мәлім етті.

– Биыл 15 қоғамдық кеңістік салу жоспарланған, бүгінде 6 кіші саябақ бойынша жұмыс аяқталды. Атап айтқанда «Оңтүстік-Шығыс» шағын-ауданындағы Келес көшесі, «Железнодорожный» тұрғын алабындағы Керегетас көшесі, «3 Гектар» тұрғын үй кешенің жанында және «Хабар» тұрғын үй кешенінің қарсы бетіндегі кеңістік. Ал Ғ. Мүсірепов көшесіндегі қоғамдық кеңістіктегі жұмыстар осы аптада аяқталады, - деді Рүстем Тәуекелов аудан халқымен кездесу барысында.
Сонымен қатар аудан әкімінің мәлімдеуінше, Б. Момышұлы даңғылы мен Қ. Сәтпаев көшесінің қиылысындағы жер учаскесін қайтарып алу туралы талап-арыз берілді.
– Ол жерде жыл соңына дейін аудан тұрғындары үшін тағы бір қоғамдық кеңістік салу жоспарланып отыр. Одан бөлек Қазақстан футбол федерациясының жанында Абылай хан даңғылы бойында «Күйшілер» аллеясы, Есіл өзенінің жағалауындағы және М. Жұмабаев даңғылында қоғамдық кеңістігінде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Алдағы уақытта Қажымұқан көшесінде де жұмыс басталады. Оқушылар сарайының айналасындағы және кіші саябақты абаттандыру осы айдың соңына дейін аяқталады, - деп сендірді аудан басшысы.
Айта кетейік, бүгін елорда әкімі Жеңіс Қасымбек «Алматы» ауданы тұрғындарымен кездесіп, халықты толғаған сауалдарға жауап беріп жатыр.