Елорданың қай аудандарында жаңа мектеп салынады

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада оқушы санының өсуіне байланысты жаңа мектептер салу жалғасады. Алдағы жылдары білім нысандары Нұра және Есіл аудандарында, соның ішінде жаңа тұрғын үй алаптары мен халық көп шоғырланған аумақтарда бой көтермек. Олардың қай жерде орналасатыны туралы Астана қаласының Білім басқармасы Kazinform тілшісінің ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.

мектеп
Фото: ҚР Үкіметі

Басқарма дерегінше, Нұра ауданында 2027 жылы жалпы қуаты 3 600 орын болатын екі жаңа мектепті пайдалануға беру жоспарланған. Олар «Алау» және «Аркада» тұрғын үй алаптарының маңында орналасады. 

— Бұдан бөлек, Тұран даңғылы мен Бұқар жырау көшесі ауданында 4 000 орындық мектеп салу жоспарда бар. «Республика» тұрғын үй кешенінің маңында тағы 2 400 орындық мектеп салу көзделіп отыр, — делінген жауапта.

Есіл ауданында да бірнеше жаңа білім нысаны қарастырылған.

— Қазір «Пригородный» тұрғын алабында 4 000 орындық мектептің құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар Қ. Қайсенов көшесі мен Ұлы Дала даңғылы аумағында бірқатар мектеп салу жобасы жоспарланған. Онымен қоса, жаңа мектеп салынатын аумақтардың қатарында Қаратөбе және Орынбор көшелерінің қиылысы, Заречный тұрғын алабы, Үшкөпір және Қаратөбе көшелерінің маңы, сондай-ақ Сауран және АС-02 көшелері ауданы бар, — делінген басқарма жауабында.

Алайда Білім басқармасының жауабында бұл мектептердің нақты қанша орынға есептелетіні және қашан пайдалануға берілетіні көрсетілмеген. 

Басқарма жаңа мектептерді іске қосу арқылы оқушы орындарының жетіспеушілігін біртіндеп азайтып, бала саны шамадан тыс көп мектептерге түсетін салмақты төмендетуді көздеп отырғанын жеткізді. Жаңа білім нысандары ең алдымен халық саны жылдам өсіп жатқан аудандардағы қажеттілікті өтеуге бағытталған. 

Айта кетейік, бұған дейін Астанада халық санының өсуіне байланысты жаңа тұрғын аудандар мен әлеуметтік нысандарға қажеттілік артып отырғаны туралы жазған едік. Материалда елорданың алдағы жылдардағы дамуы, құрылыс қарқынды жүріп жатқан аудандар және жаңа бас жоспарда қарастырылған өзгерістер туралы айтылды.