Елорданың кейбір сауда желісінде картопты шектеп сатып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада «Small» және «Spar» сауда желілерінде 5 келіден артық картоп сатып алуға уақытша шектеу қойылды.

Бұл туралы қалалық инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы хабарлайды.
— Елордада картоптың бағасын тұрақтандыру үшін барлық қажетті шаралар қабылданды. Картоп жетіспеушілігі байқалмайды. Өнім қаланың сауда желілері мен базарларда жеткілікті көлемде және қор уақтылы толықтырылып отырады, — делінген хабарламада.
Дегенмен елорданың инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы кейбір сауда желісінде картоптың шекті көлемде сатылып жатқанын растады.

— Өнімді жаппай сатып алуды болдырмау және халықты қамту мақсатында «Small» және «Spar» сауда желілерінде картопты сатуға уақытша шектеу енгізілді, яғни бір адамға 5 келіден артық сатылмайды, — дейді мекемеден.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров елде картоп бағасының күрт өсуін Үкіметтің былтырғы қателіктерімен байланыстырған болатын.