Елорданың барлық емханаларында партиялық бақылау бекеттері ашылды

Осыған орай бүгін «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин мен ҚР Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев елордадағы Медициналық ақпараттық талдау орталығының Сауықтыру бюросында болып, оның жұмысымен танысты. Сауықтыру бюросы қолданысқа еніп отырған жаңа жүйенің негізгі буыны болып табылады. Онда стационарлардағы бос орындар туралы ақпараттар түсіп, емделушілер үшін күту парақтары жасалады.
Н.Нығматулиннің айтуынша, енді ғана қолданысқа енген жүйеде стационарлардағы бос орындар туралы ақпаратты жинау, емханаларды осындай ақпараттармен қамтамасыз ету және емделушілерге ақпаратты уақытылы жеткізу сияқты бірқатар проблемалар бар. «Бірақ мұның барлығы жүре келе түзелетін техникалық қиындықтар. Қазіргі уақытта Денсаулық сақтау министрлігінің басшылығымен осы проблемаларды тек қана талқыламай, оларды шешу жолдары туралы да уағдаластық», деді ол.
Сонымен қатар бүгіннен бастап елорданың барлық емханаларында партиялық бақылау бекеттері ашылғандығын тілге тиек еткен ол «әрбір емделуші сапалы медициналық қызмет алу барысында туындаған мәселелер бойынша партиялық бақылау бекеттерінің мүшелеріне шағымдануына және медициналық қызмет көрсетудің жаңа жүйесін енгізу мәселелері бойынша түсініктеме алуға құқылы», деп атап өтті.
Денсаулық сақтаудың бірыңғай ұлттық жүйесі емделушіге дәрігер мен медициналық ұйымды еркін таңдауға, медициналық қызметтерді көрсету үрдісінің ашықтығына және бәсекеге қабілетті ортаны қалыптастыруды көздейді.