Елорданың темір жол вокзалында полицейлерді балағаттаған қала тұрғыны жауапкершілікке тартылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Полиция қызметкерлерін балағаттау, қарсылық білдіру және күш қолдануға қатысты қылмыстарды тергеу ісі ҚР ІІМ Көліктегі ІІД басшылығының ерекше бақылауында.
Билік өкiлiнiң өз мiндеттерiн атқаруына байланысты оған қатысты күш қолдану қолданыстағы қылмыстық заңда (ҚР ҚК 380 бабы) екі мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Соған қарамастан ішкі істер органдары қызметкерлеріне қатысты олардың қызметтерін өтеу кезінде күш қолданып, дене жарақатын салу оқиғалары орын алуда.
Мәселен, Астана стансасы Желілік полиция бөліміне темір жол вокзалы ғимаратында қоғамдық тәртіпті бұзып, жанжал шығарған Астана қаласының 37 жастағы тұрғыны жеткізілген.
Оқиға елорда темір жол вокзалы ғимаратында орналасқан дәмханалардың бірінде орын алған.
Тәртіп бұзушыны полиция бөлмесіне жеткізу кезінде ол полиция қызметкерлерінің талаптарына бағынбай, қарсылық білдірген, билік өкіліне дөрекі сөздер айтып, ескертулерге құлақ аспаған.
Медициналық куәландырудың қорытындысы құқық бұзушының жеңіл дәрежеде мас күйде болғандығын көрсетті.
Аталған факт сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК-нің 379-бабы 1-бөлімі бойынша тіркелді (билік өкіліне бағынбау).
Жыл басынан бері өз қызметтік міндеттерін атқару кезінде желілік полиция қызметкерлеріне қатысты күш қолдануға байланысты 47 факті тіркелді. Жүргізілген талдау билік өкіліне қарсылық көрсету әрекеттерінің басым көбі патрульдік полиция қызметкерлеріне қатысты екендігін көрсетті.