12:00, 27 Ақпан 2009 | GMT +5
Елші Б.Шабарбаев Пәкістан Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік министрі Н.М.Амад Ханмен кездесті
АСТАНА. Ақпанның 27-сі. ҚазАқпарат - Исламабадта ҚР Елшісі Бақытбек Шабарбаев Пәкістан Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік министрі Навабзада Малик Амад Ханмен кездесу өткізді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Кездесу барысында Қазақстан мен Пәкістан арасындағы қарым-қатынас пен екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту жолдары талқыланды. Тараптар саяси және гуманитарлық байланыстардың жоғары деңгейіне қанағаттанатындықтарын айтып, екіжақты сауда-экономикалық қарым-қатынасты дамыту керектігіне тоқталды. Осыған байланысты екіжақты ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның кезекті отырысын өткізу қажеттігі сөз болды. Дипломаттар аймақтық және ғаламдық қауіпсіздікті Азиядағы өзара ықпалдастық пен сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) пен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі арқылы нығайту мәселелері бойынша пікір алмасты. Елші Пәкістан тарапының аталған бастамаларды Президент Н. Ә. Назарбаев жариялағаннан бастап іске асыру жұмыстарына атсалысқанын атап өтті. Осымен бірге Елші Мемлекеттік министрге келесі жылы Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі ұйымға (ЕҚЫҰ) және 2011 жылы Ислам конференциясы ұйымына (ИКҰ) төрағалық ететіндігін хабарлады. Осыған байланысты ИКҰ-ның халықаралық беделін күшейту мен ИКҰ-ЕҚЫҰ арасында байланыс орнату мақсатында екі елдің ықпалдастық мәселесі талқыланды.Сондай-ақ ағымдағы жылдың наурыз айында экономикалық және қаржылық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты «Жаһандық қауіп-қатер жүйесінде Еуразияның экономикалық қауіпсіздігі» атты ІІ Астаналық экономикалық форумының өтетіндігі туралы айтылды.
Сонымен қатар, Пәкістанның Коммуникация министрі Арбаб Аламджир Ханның сәуір айында Астанада өтетін Көлік министрлерінің 1-ші форумы мен осы жылдың маусым айында Алматыда өтетін «Ұлы Жібек жолының қайта өрлеуі: жоспардан жүзеге асыруға дейін» атты 5-ші еуразиялық автокөлік конференциясына қатысу мәселесі талқыланды.