11:38, 14 Шілде 2010 | GMT +5
Елші Икрам Адырбеков Қызылорда облысының құрметті азаматы болды
ҚЫЗЫЛОРДА. Шілденің 14-і. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ - Белгілі қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, Қазақстанның Қытай Халық Республикасындағы, сондай-ақ Вьетнам мен Малайзиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Икрам Адырбеков Қызылорда облысының құрметті азаматы атанды.

Бұл Қызылорда облысы мәслихатының кезектен тыс шақырылған жиырма сегізінші сессиясында депутаттардың бір ауыздан дауыс беруі нәтижесінде жария болды. Осы сессия мәжілісі өтіп жатқан күні жасы алпысқа толған И.Адырбеков 2004-2007 жылдары Қызылорда облысын абыроймен басқарды. Аймақ тұрғындары санасына айтулы азамат, үлкен мәдениет пен парасаттың иесі ретінде іргелі із қалдырған ол шын мәнінде де жұртшылықтың зор құрметіне бөленді. Сондықтан беріліп жатқан бұл атақ оған әбден жарасады.