Елтаңба пішінін комиссия көпшілік қолдаған соң ғана өзгертуі мүмкін

Нағашыбек Алдан
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM - Елтаңба ел ішінде қызу әңгімеге арқау болып жатыр. Өйткені Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Елтаңбаның пішінін өзгерту жайлы пікір білдірген. Осыдан соң-ақ ел ішінде бұл тақырып қызу талқылана бастады және тұс-тұстан үн қосу әлі толастаған жоқ. Осы мәселеге қатысты Kazinform агенттігінің бас редакторы Нағашыбек Алдан ой бөлісті. 

Әрине, Елтаңба жай нәрсе емес, елдің басты белгілерінің бірі. Солай болғандықтан да Елтаңба мәселесінде ешкім талқыдан сырт қалғысы келмейтін болар. Ал елдің талқыға қатысып, алаңдаушылық білдіруі құптарлық іс. Себебі ел бірлігінің қаншалықты мығым екені осындай сәттерде байқалады. Өз ұстанымын әлеуметтік желі арқылы жариялап жатқандарда да есеп жоқ. Біреу сынайды, біреу мінейді, енді біреу Елтаңбаның өзгеруін дұрыс көреді.

Басында Президент Елтаңбаның пішінін өзгертейік деген жоқ. Өзгерту жайлы пікір білдірді, яғни ол мұны халықтың талқысына салуды, ал халық қолдаса және осы мәселені қарайтын комиссия оң қорытынды берсе ғана бір шешім қабылданатынын меңзеді.

Ел ішінде Елтаңбаның пішінін өзгертуге сын айтып жатқандар да, Елтаңбаның өзгертуге негіз болатындай қырларын айтып, қарсы еместігін, Президенттің бастамасын қолдайтынын білдіріп жатқандар да көп.

Президент Ұлттық құрылтайда ортақ келісімге келген жағдайда арнайы комиссия құруға болатынын айтты.

«Елтаңбамызға қатысты сыни пікірлер айтылып қалады. Оны Кеңес заманындағы Гербке ұқсатып жатады. Тым эклектикалық, күрделі дейді. Мұндай ойды ел ісіне бей-жай қарамайтын белсенді азаматтар ғана емес, мамандар да айтып жүр. Орынды пайымдар ескерусіз қалмауы керек. Ортақ келісімге келген жағдайда арнаулы комиссия құруға болады», – деді Президент. 

Оның айтуынша, бұл комиссия мәселені жан-жақты қарастырып, қоғамдық талқылау өткізеді, ал содан кейін Қазақстанның жаңа Елтаңбасының жобасын жасауға ашық байқау жарияланады. Тоқаевтың сөзіндегі эклетика деген түрлі ой, көзқарас, идеялардың ию-қию араласуы деген мағына беретін көрінеді. Нәтижесінде элементтер сапырылысып кетуінен пішін де шашыраңқы болып шығуы мүмкін. Білетіндер Елтаңба қарапайым, ұғынықты әрі санада бірден жатталып қалатындай болуы керек деп жатады. Сөйтіп, Елтаңбаны ауыстыруға қатысты шешім қабылдайтын комиссия құрылатын болды. Оны Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте Қаржы министрі Мәди Такиев айтты. Талқылаудың барысында Украинаның Гербі сәтті жасалып шыққанын айтып жатқандар бар. 

Украина демекші, біздің елдегі Елтаңбаны өзгерту туралы бастама осы елдің ақпарат құралдарында да сөз болды. Ел журналистері мұның астарынан геосаяси астар іздегісі келеді. Қазақстан Президентінің Кеңес дәуіріндегіге ұқсас Елтаңбамыздың пішінін өзгерту туралы пікір білдіруі Ресейдегі президент сайлауымен тұспа-тұс келуін украиндықтар өздерінше жорыпты. Мұны олар Қазақстан Ресейден іргені алыстатудың кезекті көрінісін жасады дегілері келеді. Бірақ Елтаңбаны өзгерту Қазақстанда бүгін пайда болған бастама емес, талайдан ойда келе жатқан іс. Сондықтан украиндықтардың бұдан саяси астар іздеуіне негіз жоқ болса керек.

Қазақстанда Елтаңбаның пішінін өзгерту бастамасын қолдап жатқан зиялы қауым өкілдері көп. Мысалы, журналист, жазушы Сәкен Сыбанбай әлеуметтік желіде өзінің осыған байланысты ойын жазған. Жазушы Қазақстанның Елтаңбасы басында-ақ ұнамағанын айтады.

«Әу баста бекітілген дүниені орта жолда «әрі тарт та бері тарт» жасауға мүлде құлықсыз адамның бірі – мен едім. Алайда тап осы Елтаңба мәселесіне келгенде елең ете қалғаным... Өйткені, жасыратыны жоқ, қазіргі Елтаңба маған ә дегеннен-ақ ұнамаған болатын, тіпті 1992 жылы бұл туралы пікірім «Алматы ақшамы» газетіне жарияланғаны есімде. Біріншіден, баяғы кеңестік пошымнан алыс кете қоймаған. Өзбекстан мен Тәжікстанның қазіргі гербтері де сондай. Екіншіден, мемлекеттік рәміз секілді нақты да байсалды дүниеге «бәрін қамти берсем, ештеңе ұмыт қалмаса екен» деген ағыл-тегіл «максимализм» жараса бермейді. Шаңырақ, уық, пырақ, күмбез, күн, жұлдыз, тағы басқаның бәрін қамти беруге тырысу – ақырында жыпырлаған быжырқай бейнеге ұласып кетуі мүмкін. Рас, кезінде оның әрқайсысын бізге қилы қисынмен қиыстырып түсіндірді, түрлі сараптау мақалалар да жазылды. Бірақ... сол күйі қабылдай алмай, іштен тынғанмын», – деп жазған Сәкен Сыбанбай.

Оның сөзінше, Елтаңба ауыстыру есік ауыстырғандай бүгін-ертең бола салатын шаруа емес, әбден талданып-таразылануы керек, түрлі көзқарастар тыңдалып, ескерілуі тиіс. Елтаңбаны өзгертуге асықпау керегін Қаржы министрі Мәди Такиев те айтты. Бұл мәселеге байсалды қараған жөн деп жатқандар көп.

Соңғы жаңалықтар