Елуге жуық содыр Филиппин президенті күзетшілеріне шабуыл жасады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үкімет әскері өкілдерінің киімдерін киген 50-ге жуық содыр Филиппин президенті Родриго Дутертенің күзеті мен екі автокөлікке оқ жаудырды.
Анадолы агенттігінің хабарлауынша, экстремистік топ мемлекет басшысының қауіпсіздік қызметіне Котабато провинциясындағы бақылау-өткізу пункттерінің бірінде оқ жаудырған.
Шабуыл барысында жеті әскери қызметкер жарақат алды. Олардың қазіргі жағдайы жайлы әзірге ешқандай мәлімет жоқ.
Айта кетейік, Филиппин президентінің өзі бұл уақытта басқа жақта болған. Оның күзет қызметкерлері жақында Дутерте осы қалаға келетін болғандықтан, қауіпсіздік шараларын жүргізу мақсатында Кагаян-де-Оро қаласына шыққан.