Елжан Біртановқа сот үкімі қалай тағайындалды - судья түсіндірмесі
АСТАНА. ҚазАқпарат – Сарыарқа ауданының №2 сотының судьясы Ибрагим Әлкенов бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен оның орынбасары Олжас Әбішевке шығарылған сот үкімін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Елжан Біртановқа 2 эпизод бойынша айып тағылған еді. Біріншісі – лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану, санитарлық авиацияның әуе кемесін қолдану. Бұл эпизод бойынша ол ақталды, өйткені сот оның әрекетінен ҚР ҚК 361-бабының 3-бөлімінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты тапқан жоқ. Екінші эпизод – Елжан Біртанов Олжас Әбішевпен бірге Денсаулық сақтау министрлігін цифрландыру бойынша жұмыс істемейтін платформаны қабылдап, орындалған жұмыстар актісіне қол қойған, ал іс жүзінде бұл жұмыс орындалмаған. Олардың заңсыз әрекетінің салдарынан 1,3 млрд теңге бюджет қаражаты хорватиялық компанияның шотына аударылды, сол арқылы үшінші тұлғалардың пайдасына өкілеттікті асыра пайдалану фактісі дәлелденді. Бұл – мемлекет үшін үлкен шығын», - деді судья.
И. Әлкеновтың айтуынша, олардың кінәсі қылмыстық іс материалдары, сараптама қорытындылары және куәгерлер түсініктемелері арқылы дәлелденді.
«Қазіргі уақытта платформа жұмыс істемей тұр. Сот қылмыстық істің осы эпизоды бойынша сотталушыларды кінәлі деп тану үшін қаралған дәлелдемелер жиынтығын жеткілікті деп санайды. Сот жаза тағайындау кезінде Е. Біртановтың кәмелетке толмаған 3 баласы, Әбішевтің мүгедектігі бар баласы бар екенін ескерді. Мемлекетке материалдық залал келтірген үшінші тұлғаларға аударылған ақшалай қаражатты сотталушылар тіке ұрлаған жоқ. Бірақ, бұл аударым сотталғандардың қылмыстық әрекеті салдарынан жүргізілді. Жоғарыда көрсетілген мән-жайларды ескере отырып, сот бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындауды ұйғарды», - деді Ибрагим Әлкенов.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін Сарыарқа ауданының №2 сотында бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен оның орынбасары Олжас Әбішевтің ісіне қатысты сот үкімі шықты.
Еске сала кетсек, бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 2020 жылдың 3 қарашасында бюджет қаражатын ысырап етті деген күдікпен қамауға алынған болатын.
Тергеу материалы бойынша, Елжан Біртанов пен оның орынбасары Олжас Әбішевке «Ericsson Nicola Tesla» компаниясының қызметін қолдану кезінде «лауазымдық өкілетін теріс пайдалану» арқылы мемлекетке 1,5 млрд теңге шығын келтірді деген айып тағылған.
Бұған дейін прокурор Бауыржан Шекенов соттағы жарыссөз кезінде денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшысы Елжан Біртановты 6 жылға бас бостандығынын айыруды сұраған еді.