Емдік тағам, дәмді деликатес - Бөдене өсірудің әдіс-тәсілдері қандай

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Құс шаруашылығының бір саласы - бөдене өсіру ісі елімізде кенжелеп болса да дамып келеді. Соның бір дәлелі былтырдан бастап, Қостанай облысында бөдене өсіру қолға алына бастады. ҚазАқпарат тілшісі бұл іспен тұрақты айналыса бастаған Қостанай қаласының тұрғыны Сақтаған Бақбасовпен жолығып, бөдене өсірудің қаншалықты пайдалы кәсіп екені жайында сұрап-білді.
None
None

- Қазақстанда бөдене шаруашылығын ғылыми тұрғыдан зерттейтін арнайы мамандардың тапшы екені рас. Өзіңіз осы бір жұдырықтай құсты өсіріп, игілігін көруді қай уақыттан бастап қолға алдыңыз?

- Бірден айтайын, бұл мен үшін басты табыс көзі емес. Өзіме ұнайды. Әрине, несібемізге қарай, игілігін көріп жатырмыз. Негізі облыс орталығындағы «Қарлығаш» балабақшасында ғимарат күтушісі болып жұмыс істеймін. Жұмыстан тыс уақыттағы ермегім - бөдене бағу. Осыдан төрт жыл бұрын теледидардан көріп, Ресейге барып, Қорған қаласынан 15 шақты балапанын сатып алдым. Бәрі содан басталды. Қостанайға келген соң құстарға арнайы қора салдым.

- Бөдене ерекше күтімді қажет ететін құс деп естідік. Оны өсірудің арнайы әдіс-тәсілдері бар ма?

- Бөдене кірпияз, тауық сияқты кез-келген жемді қанағат тұтатын құс емес. Оларды ұстау, бағу шарттарын ғаламтордан қарадым. Бірінші ескеретін нәрсе, бұлар суық жерде жұмыртқаламайды. Тұрақты температура 16-18 градусқа жылы болуы тиіс. Құс қораның еденін көгілдір отынмен жылытамын. Орынның жақсы желденуі, таза ауа кіріп тұруы, терезеден түсетін жарық - осының бәрін қатаң сақтағанда, құс жақсы өнім береді. Бөденелердің зат алмасуы өте жоғары, құстар көп жылу бөледі, бұны жасамаса, бөлме ыстық болып кетеді де, құстар мазасызданады. Бөденелер көп аумақты алмайды. Жаңа пайда болған балапандарды арнайы әзірленген жәшіктер мен торларға орналастыру керек. Оларды фанера мен пластиктен немесе картоннан жасауға болады.

- Құстардың жем-шөбін табу қиындық тудырмай ма? Оған қаншалықты шығын кетеді?

- Бөденелерді 20 шақты тор үйшікке бөліп қойдым. Су автоматты түрде келіп тұр. Тұмсығымен шоқып шүмектен су іше береді. Өздері үйреніп алған. Алдарындағы жемсалғышты қолдан жасадым. Таңертең бір рет, кешке бір рет жем беремін. Құстарға қоспажемді Қостанайдың өзінен сатып аламын. Бір қап жем 7-8 мың теңгеге шығады. Бір қапта 35 келіден артық қоспажем болады. Босқа төгіп-шашпасаң, біразға жетіп қалады. Әр бөдене күніге 30-40 грамм жем кетеді. Алғашқы аптада бөдене балапандарын 2 сағат сайын тамақтандырады. Бұдан кейін біртіндеп тамақтандыру саны қысқарып отырады. Былайша, олардың ас-ауқатын сатып алу артық салмақ түсірмейді. Бастысы, әр іске ұқыпты қарау.
null

- Сәке, тарихи деректерде бөдене жайында талай қызықтар жазылған. Құстың еті патшалар мен ақсүйектердің жеңсік асы болған және дастарқанынан үзілмеген деседі. Жапондар екінші дүниежүзілік соғыста атом бомбасы жарылған қала тұрғындарына бөдене жұмыртқасын берген дейді. Ғаламтордан бөдене етінің баланың иммундық жүйесін нығайтуға да септігі зор екенін оқып қалдық. Басқа қандай пайдасы бар?

- Ең бастысы, тауықтікіне қарағанда бөдене жұмыртқасының құрамында холестерин төмен. Аллергия тудырмайтындықтан балалар тағамы ретінде де қорықпай қолдануға болады. Әсіресе, диатезден зардап шегетін балапандарға ойланбай беруге болады. Бүгінде бөдененің өнімдерін дәмді деликатестік әрі диеталық тағам ретінде, биологиялық және парфюмдік өндірістің шикізаты ретінде пайдаланатындар жетерлік. Бұл құнды өнімді тұрақты пайдаланушылардың жүйке жүйесі жұмысы жақсарады. Фосфор, калий, темірдің әсерінен есте сақтау қабілеті нығаяды. Мамандар балалар мен қарттарға бөдене жұмыртқасын шикілей пайдалануды ұсынады. Оның тиімділігі тіпті тамаша. Бөдене жұмыртқасын сырқат және әлсіз жандар тұтынатын болса, иммунитеті көтеріліп, сергіп қалады. Аяғы ауыр келіншектерге бөдене жұмыртқасы қажетті дәрумендер, аминқышқылдары мен микроэлементтер көзі ретінде ұсынылады. Және бір білетінім, бөдене тезегін бау-бақшаға тыңайтқыш ретінде де қолданылады.
null

- Алдағы уақытта кәсіпкерлікті қолдау мекемелері арқылы несие алып, бөдене шаруашылығын нығайту ойда бар шығар?

- Шынымды айтайын, әзірге бөдене өсіруден пайда тауып, жақсы қаражатқа қолжеткізген жоқпын. Бірақ бөдене жұмыртқасы мен етіне күннен күнге сұраныс артып келеді. Бастысы, бөдене күтімі көп уақыт алмайды. Бір құс тәулігіне бір жұмыртқа береді. Өнімді көрші-қолаң, туыс-туғандарыма апарамын. Жазда құс саны 1000-ға жуықтайды. Тапсырыс беріп, ет, жұмыртқа сатып алатындар бар. Қазіргі уақытта 400-ге жуық бөдене бағып отырмын. Келешекте мемлекеттік қолдауын пайдаланып, осы кәсіпті дөңгелету жоспарымда бар.

Соңғы жаңалықтар