Эмманюэль Макрон Ливанға келді

АСТАНА. KAZINFORM - Франция президенті жұма күні Бейрутке барады. Ондағы мақсаты - Ливанның жаңа басшылығы - президент Жозеф Аун мен премьер-министр Наваф Саламға қолдау білдіру. 

Эмманюэль Макрон Ливанға келді
Фото: 123RF/gintsivuskansphoto

France24 агенттігі Макронның Ливанға 12 сағаттық сапары бейсенбі күні кешке Бейрутке келген БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің сапарымен тұспа-тұс келгенін жазды. Француз дипломатиялық дереккөзінің хабарлауынша, екі саясаткер кездесуі мүмкін. 

Макрон сондай-ақ БҰҰ бітімгершілік күштерінің (UNIFIL) штаб бастығы генерал Жан-Жак Фатинмен, Франция мен АҚШ басшылығымен құрылған миссия жетекшілерімен келісімнің орындалуын тексеру үшін пікір алмасуды жоспарлап отыр. 

— Франция президенті 26 қаңтарға дейін атысты тоқтату келісімін орындауды, Израиль әскерін Ливанның оңтүстігінен шығаруды және Ливан армиясын орналастыруды талап етеді. Франция президентінің сапары сонымен бірге бір апта бұрын сайланған ливандық әріптесі Жозеф Аун мен премьер-министр болып тағайындалған Наваф Саламға «Ливанның егемендігін нығайту, оның гүлденуін қамтамасыз ету және бірлігін сақтау үшін» қолдау көрсетуді мақсат етеді, - делінген Елисей сарайының мәлімдемесінде.

Э.Макрон Ливанның L’Orient-Le Dei тәуелсіз күнделікті газетіне берген сұхбатында бүкіл аймақтың сеніміне ие заңды, күшті президент бар екенін айтып, құттықтауын жеткізді. 

— Франция әрқашан Хезболланы қаруын тастап, ливандық жобаға қосылуға және жауапты саяси ойыншы болуға шақырды, - деді Макрон Ливан газетіне берген сұхбатында.

Елисей сарайы бейсенбі күні Франция президенті мен Сауд Арабиясының мұрагер ханзадасы Мұхаммед бин Салманның телефон арқылы сөйлескен кезде Ливанда «күшті үкіметтің» құрылуына толық қолдау көрсеткенін хабарлады. 

— Мұндай үкімет «Ливан халқын біріктіруге, Израиль мен Ливан арасындағы атысты тоқтатуды қамтамасыз етуге және елдің гүлденуі, тұрақтылығы мен егемендігі үшін қажетті реформаларды жүзеге асыруға қабілетті болуы керек, - деді Макрон.

Бұған дейін Ливан президенті жаңа премьер-министрді тағайындағаны хабарланған болатын.

Соңғы жаңалықтар