Эмманюэль Макронның Өзбекстанға сапары: Екі ел басшысы не туралы уағдаласты

Эмманюэль Макронның Өзбекстанға сапары: Екі ел басшысы не туралы уағдаласты
Фото: president.uz

Самарқанд қаласында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев пен Франция президенті Эмманюэль Макрон шағын құрамда кездесу өткізді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

Өзбекстан басшысының баспасөз қызметінен мәлімдегендей, екі ел президенті өзбек-француз ынтымақтастығын жан-жақты арттыру мәселелерін талқылап, екіжақты қатынасты стратегиялық әріптестік деңгейіне шығаруға уағдаласты.

Сондай-ақ кейінгі жылдары екі мемлекет арасында сан саладағы қарым-қатынастың қарқынды дамып келе жатқаны атап өтілді. Тауар айналымы мен бірлескен кәсіпорындар саны артып, перспективалы инвестициялық жобалар портфелі 10 млрд еуродан асты. Францияның даму агенттігімен 1 млрд еуроға бағаланған стратегиялық ынтымақтастық бағдарламасы жүзеге асып жатыр.

Мұнымен қатар қос тарап «жасыл» энергетика, шикізат өндіру және оны өңдеу, сумен қамтамасыз ету, логистика, инфрақұрылымды дамыту, туризм және басқа да салалардағы жаңа ірі жобаларды ілгерілету жөніндегі шараларды талқылады.

Франция президенті Өзбекстанның Орталық Азия аймағында одан әрі нық дамуына, республиканың Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылуына және Еуроодақпен кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімге таяу арада қол қоюына қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Кездесу барысында Өзбекстанда француз тілін үйренуге деген қызығушылықтың артқаны айтылды. Сәйкесінше, тараптар Самарқанд қаласында Француз Альянсының филиалын ашу ұсынысын мақұлдады.

Бұған қоса екі ел басшылары Ташкент қаласында өзбек-француз жоғары оқу орнын құру ісін жеделдету және француз тілі оқытушыларын даярлау саласындағы ынтымақтастықты кеңейту туралы уағдаласты.

Соңғы жаңалықтар