Емізулі аналарға шай ішуге болмайды – диетолог кеңесі
АСТАНА. KAZINFORM — 45 жастан асқандарға шай ішуді азайтқан жөн. Себебі шай адам ағзасына кальцийдің сіңуін тежейді.
Шайдың зияны мен пайдасы туралы «Бүгін LIVE» бағдарламасына сұхбат берген диетолог маман айтып берді.
– Шай адамға энергия береді. Өйткені қара шайдың ішінде де, көк шайдың ішінде де кофеин бар. Яғни барлық шөптен жасалған сусындарда кофеин болады. Бірақ мөлшері әртүрлі. Мысалы, кофеде кофеин көп болады. Ал қара шайдың ішінде азырақ, көк шайдың ішінде одан аз. Сол үшін қара шай көбірек энергия береді. Көк шайдың ішінде антиоксиданттар көбірек. Интегративті медицинада көк шайды емдік қасиеті болғандықтан дәрі ретінде қолданады, – дейді Гүлмира Дымық.
Маман шайдың зиянды тұстарына да тоқталды.
– Шайды көп тұтынған да зиян. Мысалы адамның іші өтіп жатса, қара шай береді. Өйткені оның дубильді қасиеті бар. Ол біздің ішегімізде тағы бір қабат түзеді. Солай ішегіміздің мембранасы қалыпқа келеді. Сол үшін шайды көп мөлшерде ішсе, ол ішті қатырады. Емізулі аналарға шай ішуге болмайды. Өйткені ол баланың ішін қатыруы мүмкін және сүт қосылған шай да ішті қатырады. Жалпы қазір емізулі анадарға сұйықтық ретінде жай су мен сорпа ішуге ғана кеңес береміз, – дейді ол.
Диетолог көк шайдың ерекше қасиеттерін атап өтті.
– Түрлі SPA салондарында процедура біткеннен кейін сізге көк шай ұсынады. Өйткені оның ішінде L-треонин деген амин қышқылы бар. Ол бастағы қысымды түсіреді. Яғни босаңсуға көмектеседі. Жүйке жүйесі симпатикалық, парасимпатикалық болып бөлінеді. Ал көк шай осы жүйенің демалуына, қалпына келуіне сеп болады, – дейді спикер.
Студия қонағы тамақпен бірге шай ішуге болмайтынын ескерті.
– Аш қарынға бірінші тамақ ішу керек. Себебі ағзамызға нутриенттер керек. Ол ақуыздар, майлар және көмірсулар. Егер аш қарынға шай іше берсек, ағзаға ешқандай пайда әкелмейді. Шайды тамақтың кезінде де, тамақтан кейін де ішуге болмайды. Тамақ қорытылғаннан кейін барып, 1 сағаттық көлемінде ішу керек. Және 45 жастан асқан әйелдерге көп шай ішуге болмайды. Өйткені ол кальцийдың дұрыс сіңуіне кедергі келтіреді, – дейді диетолог.
Бұған дейін нутрициолог маман кесек жейтіндердің ағзасына темір жетіспейтінін айтқан еді.