Ең терең ұңғыма Азиядағы рекордты жаңалады - шетелдегі қазақ баспасөзі

Ұңғыма
Фото: CNR

  Kazinform ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

8 мың 600 жылдық тарихы бар нан табылды - TRT

Коньяның Чумра ауданында орналасқан, неолит дәуірінде шамамен 8 мың адам бірге өмір сүрген Чаталхөйүкте жүргізілген қазба жұмыстары кезінде 8 мың 600 жылдық нан табылды, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.

Нан
Фото: ТРТ

Аталған БАҚ-тың Дүние жүзіндегі алғашқы елді мекендердің бірі Чаталхөйүкте «Мекан 66» деп аталатын аймақта іргелес балшық кірпіш үйлерге жоғарыдан кіруге болатын пеш құрылымы табылды.

Айта кетейік, Түркияда бұрынғы дәуірлерден қалған көптеген орындар бар. Чаталхөйүк неолитикалық аймағы – осылардың бірі.

Бидай, арпа, бұршақ тұқымдары және тағам болуы мүмкін пальма көлеміндегі олжа негізінен қираған пештің айналасында табылды.

«Чаталхөйүкте табылған бұл олжаның дүниедегі ең көне нан екенін айқын. Бұл органикалық қалдықтарды бақылау, талдау және мерзімін ескере отырып, бұл шамамен 8 мың 600 жыл болған нан деп айта аламыз», дейді қазба тобының жетекшісі және Анадолу университетінің оқытушысы доцент Али Умут Түрікжан.

ҚТЖ Қытайдан тасымалдау географиясын кеңейтуде – «Халық газеті»

Цзянсу провинциясының (ҚХР) Нанкин қаласында "ҚТЖ" ҰК" АҚ Басқарма төрағасының логистика жөніндегі орынбасары Ерлан Қойшыбаев Цзянсу провинциясының халық үкіметі Көлік департаментінің және осы провинцияның ең ірі мемлекеттік сауда тобы Jiangsu SOHO Holdings Group басшыларымен кездесті.

Бұл туралы Қытайдың «Халық газеті» басылымы «Kazakhstan Today»-ге сілтеме жасап хабарлайды.

Қытай
Фото: Халық газеті

Аталған БАҚ-тың келтірген мәліметіне сүйенсек, кездесу барысында "KTZ Express" АҚ және Jiangsu International Rail Freight Express стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған. Сонымен қатар, контейнерлік пойыздарды Қазақстан арқылы, оның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағдары (ТХКБ) бойынша бірлесіп ұйымдастыру және жөнелту жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізген.

Айта кетейік, ағымдағы жылдың басынан бастап Yuxinou және ҚТЖ Нанкиннен (ҚХР) Апшеронға (Әзірбайжан) жеткізу мерзімі орта есеппен 18 күнге дейін ТХКБ бойынша бірлескен сервис ұйымдастырған.

Сондай-ақ Қытайдың «Халық газеті» басылымында «2023 жылы Қазақстанның Қытайға ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 1 млрд доллардан асты» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді

Қытайдың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Чжан Сяо ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровмен кездескен.

«ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, 2023 жылы Қазақстанның Қытайға ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 2 есеге өсіп, 1 млрд доллардан асты», деп жазады қытайлық БАҚ.

Моңғолияда апаттан 2 миллионнан астам бас мал өлді - «Жэньминь жибао»

23 ақпанға дейін бұл елде 2 миллион 8946 бас мал қақаған аяз бен қарлы бораннан өлген. Бұндай жағдай алдағы уақытта да жалғасуы мүмкін, деп хабарлайды Қытайдың «Жэньминь жибао» порталы Моңғолияның Төтенше жағдайлар бас мекемесінің ақпаратына сілтеме жасап.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, Моңғолия биыл соңғы 50 жылдағы ең қатты қарлы боранды бастан өткеруде. Ірі көлемдегі шығын Моңғолияның биылғы мал экспортының саудасына әсер етуі әбден мүмкін.

Моңғолия ұлттық метеорологиялық және қоршаған ортаны бақылау бюросының жаңалықтарына сәйкес, 2023 жылы қыстың басынан бері мал жағынан бұрын-соңды болмаған ауыр шығынға ұшырады. Бұндай қатты қыс 1975 жылдан бергі ең жоғары рекордты жаңартты.

Өнерлі бүлдіршін Іңкәр Дәулетбекқызы - janadauir.com

Осы аптада моңғолиялық «Жаңа дәуір» басылымы өнерлі бүлдіршін Іңкәр Дәулетбекқызы туралы жазған.

Аталған БАҚ-тың мәліметінше, ол Ногооннуур сұмыны(ауданы) жалпы білім беретін мектебінің 5-сынып оқушысы. 3 жасынан бастап әнші балапан сайысына, әртүрлі би сайыстарына қатысып, балабақшаны «Сұмындық өнерлі бүлдіршін» номинациясымен аяқтайды.

Іңкәр Дәулетбекқызы Ұланбатыр қаласында өткен «Хүн домог» балалар фестиваліне қатысып арнайы жүлдемен марапатталған екен. 2022 және 2023 жылдары биші ұстаз, ММОҚ Айнұр Юрақызының командасына келіп, сол жылдары біршама табыстарға жеткен.

Атап айтқанда, Ресей елінің «Горно-Алтай», «Барнаул» қалаларынада өткен халықаралық би сайыстарына «Домбырашы қыз» жеке және топ биімен қатысып, табыс биігінен көрінген.

Сондай-ақ, Іңкәр Дәулетбекқызы Қазақ, Монгол, Орыс, Үнді билерін билейді. 2022 жылы сұмынның үздік оқушысы болса, 2023 жылы аймақтық үздік оқушы марапатымен сыйланған.

«Алға асқақ арман, биік мақсат қойып оқуым мен өнерімді қатар алып жүремін» дейді Іңкәр. Ендеше біз де Іңкәрға табыстар тілейміз», деп жазады моңғолиялық басылым.

Өзбекстан мен Қазақстан бірлескен жобалар бойынша мәселелерді шешу механизмін әзірледі - «ӨзА»

Өзбекстан Республикасы Инвестициялар, индустрия және сауда министрі Лазиз Қудратов пен Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев онлайн форматта келіссөздер жүргізді.

Бұл туралы өзбекстандық «ӨзА» ақпараттық агенттігі хабарлады.

Өзбекстандық БАҚ-тың дерегінше, инвестициялар, индустрия және сауда министрінің хабарлауынша, министрліктер мен ведомство басшыларының қатысуымен өткен келіссөздер аясында жоғары деңгейдегі сапар нәтижелері бойынша уағдаластықтарды іске асыру барысы жан-жақты талқыланды. Соның ішінде инвестиция және сауда келісімдері мен екіжақты күн тәртібіндегі басқа да өзекті мәселелер қарастырылған.

«Химия, электротехника, машина жасау, ауыл шаруашылығы салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асырудың практикалық шаралары, сондай-ақ бар мәселелерді бірлесіп шешу тетіктері әзірленді», делінген деп жазады «ӨзА».

Келіссөздер соңында бірлескен бастамаларды жедел жүзеге асыру барысында туындайтын мәселелерге жедел ден қою мақсатында министрліктер мен ведомстволардың жауапты басшыларына тиісті тапсырмалар беріліп, іске асыру мерзімдері белгіленіп, осындай жұмыс кездесулерін өткізу тәжірибесі келісілген.

Қытайдың ең терең ұңғымасы Азиядағы рекордты жаңалады – CNR

Қытайдың алғашқы 10 000 метрлік терең жерасты ғылыми барлау ұңғымасы ресми түрде 10 000 метрлік белгіден өтті. Бұл Қытайдың терең жер қойнауында үлкен серпіліске қол жеткізгенін көрсетеді, деп хабарлайды Қытайдың «Орталық халық радиосы».

Қытай мұнай тобы Тарым мұнай алабы атқарушы жорасы партия қызмет көмитетінің төрағасы Уан Чинхуаның айтуынша, Такламакан 1-шы ұңғымасы 10 000 метрден астам бұрғылаудан кейін әлемдегі екінші терең ұңғыма және Азиядағы бірінші терең ұңғымаға айналды. Бұл кен орындарының маңызды кезеңі болып табылады. Терең жердегі бұл ғылыми зерттеулер мұнай мен газды барлауды мақсат еткен.

Айта кетейік, ұңғыманың тереңдігі 11 мың 100 метр деп жобаланып, бұрғылау жұмысы өткен жылы 30 мамырдан басталған болатын.

«Қытайдың алғашқы он мың метр тереңдіктегі жер асты тексеру ұңғымасы болды. Бұл Қытай елінің терең жер қыртысын зерттеу саласындағы ең үлкен жетістікке қол жеткізгендігінен дерек береді», деп жазады қытайлық басылым.

Соңғы жаңалықтар