Ең төменгі жалақы көтеру ауыртпалығы жеке кәсіпкерлерге түседі — Мәжіліс депутаты

АСТАНА. KAZINFORM — Ең төменгі жалақы көтеру ауыртпалығы жеке кәсіпкерлерге түседі. Мұндай пікірді Jibek Joly телеарнасының «Уәде» бағдарламасына берген сұхбатында Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев білдірді. 

Ең төменгі жалақы көтеру ауыртпалығы жеке кәсіпкерлерге түседі — Мәжіліс депутаты
Фото: Дияр Бексұлтанов

Оның атап өтуінше, осы күнге дейін ең төменгі жалақы Мемлекет басшысының тапсырмасына орай Үкімет қаулысымен реттеліп келді. Ендігі уақытта арнайы әзірленген әдіснама аясында Үкімет белгіленген межеге қол жеткізілген жағдайда келесі жылдан бастап ең төменгі жалақыны көтеруге мүдделі болады. 

Елнұр Бейсенбаев Amanat партиясының сайлауалды бағдарламасында ең төменгі жалақыны жыл сайын көтеру туралы уәдесі болғанын да жасырмады.

— 2 жылдың ішінде 2 есеге көтерілді. Біз тағы да сондай ұсыныс береміз. Осы жолы да Жолдауға ұсынысымызды бердік. Мемлекет басшысы қолдаса жақсы болар еді. Жалпы, ең төменгі жалақының өсуі Үкіметке, Парламентке ешқандай ауырлық тигізбейді. Мемлекеттік қызметте не болмаса мемлекеттік бюджеттен жалақы алатын қызметкерлердің арасында ең төменгі жалақы алатын мамандар жоқ деуге болады. 100-120 мың теңге көлемінде жалақы алатындар бар. 85 мың теңге жалақы алатындардың көпшілігі — жеке шаруашылықта жүрген азаматтар. Солардың экономикалық жағдайына, төлемдеріне ауыртпалық түсіруі мүмкін. Сол үшін Үкімет сараптама жасайды. Маңызды ауыртпалық жеке кәсіпкерге түседі. Сондықтан Үкімет байыпты шешім қабылдауы тиіс, — деді Мәжіліс депутаты.

Бұған дейін Елнұр Бейсенбаев ел тұрғындары қандай мәселелерді жиі көтеретінін айтқан еді

Соңғы жаңалықтар