15:39, 28 Мамыр 2009 | GMT +5
Ең үлкен қымызхана Алматыда ашылмақ
АЛМАТЫ. Мамырдың 28-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Бір айдан кейін Алматыда сәулеті киіз үй тәрізді ең үлкен ұлттық мейрамхана ашылады. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында «Көшпелілер өркениеті» ЖШС, «Саржайлау» қымыз орталығының президенті Ахметбек Нұрсыйла айтты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Абай мен Өтепов көшелерінің қиылысында орналасатын биіктігі 10 метрлік, көлемі 20 метрлік 2 үйден тұратын мейрамхананың әрқайсысына 200-ге жуық адам сияды.«Егер бұл жобамыз сәтті жүзеге асса, Қазақстанның барлық аймағында, одан әрі Парижде, Токио мен Нью-Иоркте киіз үй негізіндегі ұлттық мейрамханаларды ашуды көздеп отырмыз. Өйткені бұл елдердің қымызға, қазақ тағамдарына деген қызығушылығы ерекше. Мәселен, қымыз бен шұбатты зерттеген жапон ғалымдары "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ арқылы бізге шығып, жыл бойы қымыз бен шұбат сатып алып тұруға қызығушылығын білдірді. Оның үстіне наурыз айында ағылшын ғалымы Алан Артурдың "Скайнс" журналында қымыздың 6 мың жыл бұрын Қазақстанда пайда болғаны туралы ғылыми еңбек жариялап, жұртшылықты елең еткізді. Содан кейін әлем елдерінің қымызға қызығушылығы да күрт артты. Бұл қымызды әлемдік бренд болуға сұранып тұр деген сөз», - дейді А. Нұрсила.Оның айтуынша, мейрамхана қымыз бен ұлттық тағамдарға алдымен ел азаматтарының қызығушылығын арттыру мақсатында ашылмақ.