Еңбек Ері Жұмаділдаев: Абайдың айтқанының 10 пайызын орындасақ, бізден асқан ұлт болмас еді
АСТАНА. KAZINFORM - Республика күні қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен түрлі саладағы елеулі үлесі мен белсенді қоғамдық қызметі үшін бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды. «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы отандық ғылымды дамытудағы айрықша жетістіктері, сондай-ақ қоғамдық қызметтегі аса үздік еңбегі үшін Президент жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Асқар Жұмаділдаевқа берілді. Атақты ғалым еліміздің ғылым-біліміне белсене араласып, өзіндік жолын қалыптастырды. Оның есімі Қазақстанда, алыс-жақын шет елдердің ғылыми орталарында танымал. Ғалым тек математика саласының білгірі ретінде ғана емес, сонымен қатар өмірлік принциптері жағынан да ерекшеленіп тұрады. Осы орайда ғұмырын ғылымға арнаған академиктің пайымы мен ұстанымдары жөнінде материал даярлауды жөн көрдік.

«Жетістігімнің бәрі туған жерімнен тамыр тартады»
«Қазақтың бойында бір сағыныш деген қасиет бар. Жаман ба, жақсы ма білмедім. Мен, бірақ, жаман шығар деп тұспалдап жүрмін. Сол, шет елде жүргенде елімді, жұртымды, үйімді сағындым. Жалпы, қазақтың барлығында бар қасиет қой бұл, — дейді академик 2017 жылы Қызылордада өткен «Туған жерге тағзым» форумында. — Туған жер туған үйіңнен, туған үйіңнің табалдырығынан басталады. Мен үшін ол қара құм, қара жел, жыңғыл, тораңғыл, ұғымдарымен сабақтасып жатыр. Бұл дүниеде жыңғылды, жантақты ешбір роза гүліне де, басқаға да теңестірмес едім. Менің бойымда қандай да бір артықшылық болса, осы күнге дейін қандай нәтижеге қол жеткізсем, соның бәрі туған жерімнен тамыр тартады».

Ұлттық құрылтайда кез келген маңызды мәселені көтеруге болады
«Ұлттық құрылтайда мәселе айтамын десең, ешкім сенің аузыңды жаппайды. Бірінші отырыс былтыр Ұлытауда болды. Ол — Жошы ханның ұрпағы қазақтың мемлекетін құрған жер. Алғашқы құрылтайдың сонда өтуінің үлкен символдық мәні болды. Онда мен сөйледім, ғылым туралы ойымды айттым. Содан академия құрылып, биыл жұмыс істеп жатыр. Енді екінші құрылтай қасиетті Түркістан жерінде өтті. Оның тарихи терең. Бұл жерде Қожа Ахмет Ясауи бабамыз, хандарымыз бен билеріміз жатыр. Сондықтан, мұның да аса маңызды символдық мәні бар. Бұл жерде мен қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру жөнінде сөз сөйледім. Оны Президент те көтерді. Қазақ тілі тек отбасы, ошақ қасында қалмауы керек. Ол білім мен ғылымның тілі болуы қажет. Мәдениет және спортты түсінетіндер көп. Ал, ғылымның тілін кім түсінеді?» — дейді ғалым.
Оның айтуынша, кейінгі жылдары қазақ ғылымына қажет жағдай жасалып, ерекше көңіл бөлініп жатыр.
«Соңғы кезде ғылымға жақсы көңіл бөлініп жатыр. Оның барлығы бірінші тұлғаға байланысты. Жалпы, ғылым мен технологияның дамуы заңды құбылыс. Біздің елімізде бұрынғымен салыстырғанда гранттың саны көбейді, ғылыммен айналысатын адамдарға мүмкіндік жасалып жатыр», — деп ой бөлісті математик.

«Инвестордың ығына жығылуды азайту керек»
Академиктің сөзіне қарағанда, Тәуелсіздіктің 4 қыры бар: саяси тәуелсіздік, экономикалық тәуелсіздік, әскери тәуелсіздік және технологиялық тәуелсіздік.
«Өткен ғасырда мемлекетаралық теке-тірестер төркіні идеология саласында жатты. Бүгін теке-тірес технология саласында жатыр. Мені қазақтың технологиялық тәуелсіздігі мазалайды. Осы күнгі біздің өндіріс орындарының бәрі, әсіресе жер қойнауынан кен шығаратын орындардың бәрі шетелдік инвесторларға берілді. Бұл негізінен дұрыс қадам болды. Бірақ, бүгінде заман өзгерді, мемлекет өзгерді. Демек, біз осы инвесторларға талапты заман талабына сай беруіміз қажет. Инвестордың ығына жығылуды азайту керек. Менің ойымша, оларға үш шарт қою керек. Бірінші — салық, екінші — экология, үшінші ең бастысы — жергілік мамандарды, жергілікті ғылымды өндіріске пайдалану мәселесі», — деді ол.
Ғалым жер қойнауын пайдаланушылар табысының 1 пайызын отандық ғылымды дамытуға жұмсау іс-шарасы жалғаса беруі тиістігін баса айтты. Бұл қаражатты технологиялық тәуелсіздікті қуаттайтын жұмыстарға, ғылым мен қоғам байланысын нығайтатын жұмыстарға, ғылыми институттарға жаңа ғимарат салуға және заманауи зертхана салуға, сонымен қатар университет оқулықтарын қазақ тілінде шығаруға жұмсау керек. Осы жұмысты дұрыс істетін болсақ, жалпы ішкі өнімнің кемінде жарты пайызына жетуге болады.

«Балам математик болсыншы» деген адамдар сирек кездеседі»
Танымал математик А. Жұмаділдаев түрлі алаңдарда ғылымға қатысты өзінің салмақты пайымдарын жиі айтып келеді. Солардың бірінде ғалым елімізде жастар арасында математиканы оқытуды кеңінен насихаттау мәселесіне тоқталды.
«Математиканы мен бір жануарға ұқсатамын. Ол — адамның пайдасына аянбай еңбек ететін, суын әкеліп, шөбін таситын есек. Барлық шаруасын бітіріп алған соң ол ешкімге керек емес. Ақындардың барлығы тұлпар жайлы поэма жазса, осы есек туралы бір өлең шығарыпты дегенді естімедім. Есектің еті харам болғанымен, еңбегі адал. Сол секілді адам ең көп қолданатын сала, бұл — математика. Бірақ оны адамның өзі сезбейді. Дүкенге барсаң да, базарға барсаң да есептеу керек, яғни математикамен айналысады. Әрбір әке өзінің баласын ата-бабасы секілді батыр болса екен дейді, ақын-жазушы болсын дейді, текті болсын дейді. Десе де, балам математик болсыншы деген адам кездестірмедім», — деді академик.
Бұл тұрғыда ол елімізде талантты жастар көп кездесетінен айтты.
«Соңғы кезде математикамен айналысамын деушілер көп. Көбінесе олар экономика факультетіне түсу үшін, банкте қызмет ету үшін, шет елге кету үшін оқиды. Түбі бір-екеуі қалса да жетеді. Жалпы математика ғылымына солардың өзі де жеткілікті. Талантты, болашағынан үміт күтетін жастар баршылық», — дейді ғалым.

Абайдың 100 жыл бұрын айтқан сөздері осы күндері де өзекті
Асқар Жұмаділдаев үнемі Абайдың сөздеріне ерекше мән беретінін айтып жүр.
«Әрине, әр саланың адамы өзінің білгенін айтады. Тек логика керек. Қазақта ең ойшыл ақын — ол Ибраһим Құнанбайұлы деген азамат. Міне, бұл кісінің 100 жыл бұрын айтқан сөздері осы күндері де өз күшінде. Ол тағы жүз жылдан соң да осылай болады. Егер біз сол кісінің айтқандарының 10 пайызын орындайтын болсақ, онда бізден асқан ұлт болмас еді. Мен қаншама нәрседе тығырыққа тіреліп, шығарға жол таппағанда айналып келіп Абайдың сөздеріне тоқтаймын», — дейді ол.
Асқар Жұмаділдаев неге ұялы телефон ұстамайды?
Ғалымның пайымынша, мұғалімдерді пара алдыратын ең бірінші студенттің өзі. Олар сабақ оқымайды, сондықтан уақыты келгенде амал жоқ осындай қадамға барады.
«Әлбетте, пара алатын мұғалім мүлде жоқ деп те айта алмаймын. Негізі көп жағдайда әлгіндей жағдай орын алады немесе таныс, туыстары арқылы шеше салады. Мысалы, мен осы күндері телефон ұстамайтын болдым. Себебі, сессия жақындаған сайын әркім хабарласып, өз мәселелерін шешіп беруді өтінеді. Кейбіреулердің қалтасында 2 дипломы бола тұра, жұмыс таба алмай жүр. Сондықтан, бүгінде дипломның құны азайып кеткен сияқты», — дейді академик.
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне арналған салтанатты жиында қазақстандықтарды ұлтымыздың ең ұлық мерекесімен құттықтап, бұл азаттықтың алтын қазығын қаққан күн екенін атап өтті. Президент еліміздің Егемендігі туралы декларация қабылданған күнді қасиетті Тәуелсіздігіміздің бастауына балады.