Еңбек Ері Кәмшат Дөненбаева өмірден озды
Кәмшат Дөненбаева 1937 жылы Қостанай облысы Ұзынкөл ауданы Ленин совхозында туған. Еңбек жолын Ұзынкөл элеваторында бастаған. 1961 жылдан Қостанай облысы Боровский ауданы «Харьковский» совхозында механизатор болып еңбек еткен. Осы облыстың Меңдіқара ауданындағы «Каменьск-Уральский» кеңшарында механизаторлар дайындайтын курсты, кейін Қостанай ауыл шаруашылық техникумын сырттай оқыды.
Тың ардагері, ардақты ана, аяулы әже Кәмшат Байғазықызы қоғамдық жұмыстардан қалыс қалмады. «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық Кеңесінің мүшесі, Облыстық әйелдер ісі жөніндегі және отбасылық-демографиялық комиссияның құрамында бірнеше қызметтерді атқарды.
1980-1985 жылдары КСРО Жоғарығы Кеңесінің Ұлттар Кеңесі төрағасының орынбасары болды. 1976 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Екі рет Ленин орденімен, Құрмет белгісі орденімен марапатталған. 1990-1993 жылдары осы кеңшарда қауіпсіздік техникасының инженері, 1993 жылдан шаруа қожалығын басқарады.
Қостанай облысының және Қостанай қаласының құрметті азаматы.